Сырдарияда айтыскер ақын Заметдин Ибадуллаев атындағы дәстүрлі ақындар мектебі ашылады

Сырдария ауданында айтыскер ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы Заметдин Ибадуллаев атындағы дәстүрлі ақындар мектебі ашылады. Бұл туралы аудан әкімі Руслан Рүстемов «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

«Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,

Талантты бағалаңдар тірісінде!

Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,

Келеміз қадірлемей ірісін де!

Не керек майдасың ба, ірісің бе?

Жақсының зая қылмай бір ісін де,

Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей,

Талантты қастерлейік тірісінде», – деп қазақтың Қадыры жырлағандай, әрбір талант – қайталанбас дара дарын иесі. 

Қойнауына құт қонып, бақ дарыған қасиетті Сыр топырағы таланттарға кенде болмаған. Халқымыздың «Талант Тәңірден» деген тәмсіліне сүйенер болсақ, шын талантты қашан да танып, бағалай білуіміз керек. Осы ретте қазақ руханиятында өзіндік орны бар Заметдин Ибадуллаевты ақтаңгер айтыс ақыны деп құрмет тұтамыз. Бүгінде баршамыз әлем болып айтып жүрген төртінші өндірістік революция кезеңіндегі жаңалықтарды дарынды ақын айтыс сахнасында әлдеқашан мыңдаған жүректерге жеткізіп жырлады. Бұл қазақ сөз өнерінің құдіреті мен ақын қиялының ұшқырлығы болса керек. Жақында аудан әкімдігінде аппараттық мәжіліс өткізіліп, ауданның мәдениет саласында атқарылған және жүзеге асырылатын жұмыстар кеңінен талқыланды. Тиісті сала басшыларына «Заметдин Ибадуллаев атындағы дәстүрлі ақындар мектебін» ашу жөнінде ұсыныс енгізуге тапсырма бердім. Алдағы уақытта осы мақсатта нақты жұмыстар жүргізсек деген мақсат бар. Бұл саналы ғұмыры өлең-жырмен астасып жатқан ақынға деген құрметіміздің бір бөлігі. Талантты тірісінде қадірлегенге не жетсін!»,- деп жазды аудан әкімі Руслан Рүстемов.

Айта кетейік, жуырда аудандық мәслихаттың кезекті 42-сессиясында Сыр елінің өнері мен мәдениетін дамытуға айрықша үлес қосқаны үшін айтыскер ақынға “Сырдария ауданының Құрметті азаматы” атағын беру жөнінде шешім шыққан еді.

Дереккөз: Сыр бойы