Түркі әлемін тоғыстырған – Сыр елі

Үстіміздегі жылы 19-21 қыркүйек аралығында Жастар жылы аясында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен түркі тілдес елдер жастарының «Түркі әлемін тоғыстырған – Сыр елі» атты халықаралық фестивалі өткізіледі.

Халықаралық шараның мақсаты – түркі дүниесі жастарының қарым-қатынасын нығайту, түркі тілдес халықтардың ортақ тарихы мен түркі дүниесі құндылықтарын қалыптастыру, Сыр елінің тарихымен таныстыру, ішкі туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік ашу және Елбасының жолдауларынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру болып табылады.

19 қыркүйек күні түркі тілдес елдер жастары Қызылорда қаласының сол жағалауында жаңа Жастар орталығымен танысады. Дөңгелек үстелдің мақсаты – фестивальға қатысушы қонақтармен тәжірибе алмасу. Аталған шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасары Ш.Байманов, Қазақстан халқы облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Л.Төрешова және ассамблеяның этно-мәдени орталықтарының жастары, облыстағы белсенді жастар және аудандық жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері қатысады. Шарадан кейін жастар «Рухани жаңғыру» мұражайымен танысады.

20 қыркүйек күні Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейіне, Қорқыт Ата ескерткішіне, орталық алаңның аллеясына экскурсия ұйымдастырылады. Сонымен қатар жастар «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің салтанатты ашылуына қатысады.

21 қыркүйек күні түркі тілдес елдер жастары Байқоңыр ғарыш алаңының тарихи музейімен танысып, Қармақшы ауданы, Қорқыт ата мемориалдық кешенінде «Түркі әлемін тоғыстырған Сыр елі» атты халықаралық фестивальге қатысады. «Ұлттық ойындар», «Ұлттық тағам», «Ұлттық қолөнер» секторларында мастер кластар, «Қазақ музыкалық театр өнері» секторында этно-фольклорлы театрландырылған музыкалық қойылымды тамашалайды. Шара соңы үлкен гала-концертке ұласпақ.

Шараға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан және Әзірбайжан елдерінен және республиканың барлық өңірінің белсенді жастары, сонымен қатар жергілікті этно-өкілді және белсенді жастар барлығы 300-ге жуық жастар қатысады. 

Қызылорда облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі