«Бақытты жанұя» тақырыбында сұхбат алаңы

5 қыркүйек күні “Самұрық” инновациялық идеяларды дамыту орталығы” қоғамдық қоры және облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Революциялық емес, эволюциялық даму» жобасы аясында «Бақытты жанұя» тақырыбында сұхбат алаңы өтті.
Шараның мақсаты – облыс тұрғындары арасында тұрмыстық, жыныстық, экономикалық, эмоциялық және тағы басқа зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған, тәуекел тобындағы тұлғаларға, көбінесе әйелдерге (мамандардың кеңес беруі, уақытша баспанамен қамтамасыз ету, оңалуға және әлеуметтік бейімделуіне көмектесу) және діни экстремизм ұйымдарының ықпалынан шыққан тұлғаларға қолдау көрсету, оларға құқықтық кеңес беру.
Иә, бүгінде жастар арасындағы ажырасу, зорлық-зомбылық оқиғасы жайында жиі еститін болдық. Қызылордада осындай жандарға көмек қолын созар «Қамқорлық» дағдарыс орталығы жұмыс істейді.
Жалпы, бұл орталық тұрмыста зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болғандарға түрлі көмектер көрсетеді. Мәселен, уақытша баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік бейімделуіне көмектесу, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық кеңестер беріп, адамдармен өте тығыз байланыс жасайды. Олардың ішкі әлемін зерттей отырып, қайта өмірге оң көзқараспен қарап, алға жылжуына жағдай жасайды. Мұндағы орталық қызметкерлерінің әрбірі келушілердің әрқайсысымен жеке жұмыс жасай отырып, олар біршама уақыттан соң өз-өзіне келіп бейімделгеннен кейін отбасын тауып қайта қауыштыруға кіріседі. Келіспей қалған екі тараптың өмірде ең алдымен отбасынан маңызды нәрсе жоқ екенін ұғындыра отырып, жақын жандарын құрметтеуге шақырады. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жүргізілген жұмыстардан кейін қаншама отбасылар дау-жанжалды ұмытып, бірін-бірі кешіріп жатады екен.
Сұхбат алаңында орталықтың қызметі мен отбасы өкілдерінің жарасым табуындағы қызметі жайлы айтылды. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бас менеджері Ә. Әбдіқалықова шаңырақ жарасымы, отбасы институтының қоғамдағы орны жайлы тарата айтты.
Одан соң орталықта қызмет алушылармен сұхбат жүргізіліп, пікір алмасу болды. Онда сала мамандары облыс тұрғындары арасында тұрмыстық, жыныстық, экономикалық, эмоциялық және тағы басқа зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған, тәуекел тобындағы тұлғаларға құқықтық, психологиялық көмек көрсетіп, психологиялық көмек берді.

Усенкулова Светлана

Облыстық “Рухани жаңғыру” орталығы