Қызылдың қойнауында

…Қазалыға қарай келе жатырмыз. Өзіміз атын естіп, сырттай қанық болғанмен, Қызылқұмның әр түкпіріндегі бұрынғы киелі кісілердің жатқан жайын осы жолы көзбен көрмекпіз. Нақты мақсат та осы. Олар кімдер десеңіз, аруақты Жанқожа баба, үш жүзге пір болған Мүсірәліұлы Қосым, мың баламен Бұланты шайқасында жоңғарды қырған Сартай батыр… Тізім жалғаса береді. Қасиет қонған һәм киелілер жатқан мекен деуіміздің де себебі осында. «Сыр медиа» ЖШС-нан жасақталған шығармашылық топ енді тарихы мол Қазалы топырағына да табан тигізді.

Бұл қай Адам ата?

Әуелі ауданға қарасты Тасарық ауылынан 30 шақырым қашықтықта жатқан, жергілікті халық Адам ата деп атап кеткен ескі қорым басына бардық. Біз көрген Балхам ата және Адам ата деп басында белгі тақтай орнатылған қорымның аумағы тым үлкен. Бір аңыздарда Адам атаның бойы 3 метрден ұзын болған деп те айтады. Жан-жағы қураған тораңғыл талдың бұтағымен қоршалып, жер­гілікті жұрт ақ шүберекпен әр жерден шыжымдап байлаған ескі төмпешік астында шыны­мен бізге белгісіз сыр бары анық. Ал енді Адам ата маңай­ындағы қыштан өрілген мола­ның кө­бі­сі Қазалыдағы Өркен­деу маңын­дағы көне Жанкент қа­ласынан табылған кірпіштерге, яғни оғыз дәуірінің стиліне ұқсас. Де­мек, бұл сол замандарда өмір сүрген адамдардың зираты да болуы мүмкін. Өйткені, қанша жерден аңыз құрастырсақ та, миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген Адам ата жайы осында деп айту жаңсақ пікір сияқты. Бір ғажабы, ескі қорым басында тораңғыл талдың да ұзақ ғұмыр сүргенін байқадық. Тіпті, қураған талдың түбі көктеп, томар шіріндісі топыраққа көмулі болса да, жапырақ жайған. Ал биіктей өскен талдың көбі торғай ұясына толып тұр. Мұнда әр қорымның өзінше ерекшелігі бар. Тіпті, бір төрт құлақ там­ның алдында  бір кісілік тілеу­хананың орны да кездеседі. Бұ­дан байқайтынымыз, бұрын­ғы адамдардың өз пірлерінен медет сұрап, түн ауып, таң ат­қанша шырақ жағып, тілек ті­лейтін дәстүрдің ескі заман­нан бар екенін тағы да айғақтап тұр. Айтпақшы, аралап жүріп, жергілікті Шекті тай­па­сы­ның рулық таңбасы бар құлпы­тас­тарын да кездестірдік.

Сонымен бұл Адам ата жайы болды ма? Адам ата – Құран бойынша Алла тағала топырақтан жаратқан ең алғашқы адам, күллі адамзаттың арғы тегі, бірінші пайғамбар. Ал біз сапарлатқан Адам ата – Қазалы ауданындағы ежелгі қорым. Интернетті ақта­ра қалсаңыз, мынадай дерек кез­деседі. «Басықара бөгетінен оңтүстік-батысқа қарай 35 км жерде, шөл далада орналасқан. Қорымның аумағы 1 гектар ша­масында. Мүрдесі жатқан жердің ұзындығы 6,5 м, ені 3 м-ге жуық. Алғаш қорымды 1897 ж. И.Н.Аничков зерттеп, «Қазалы уезіндегі кейбір топонимдер атау­лары» деген мақаласында баяндаған».  Бұдан өзге бұл жайлы баспа бетіне шыққаны да сирек, яғни жоқтың қасы.

Қасымыздағы жолсерік, бел­гілі ғалым, Серікбай Қосанов ағамыздың дерегіне сүйенсек, біз жоғарыда айтып өткендей, Жанкент шаһары оғыздардың астанасы болса, бұл қорым сол дәуірге тиісті екені шындыққа сәл келіңкірейді. Мұндағы бас­ты дәлел деп ұстануға да жарайтын, біз жоғарыда айтып өткен көне кірпіш қалдықтарының оғыздар мәдениетіне тұспа-тұс болуы. Әрі бұл маңға Өркендеу ауылындағы көне қала Жанкент те тым жақын орналасқан, сонымен бірге көне арық іздері бұл маңда бұрын тіршілік болған деген ойға итермелейтіні рас.

Айтпақшы, ескі зираттан шы­ға бере «Сыр медиа» ЖШС бас­шысы Аманжол Сақыпұлы ағамыз мынадай қызық пікір келтірді.

– Студент күнімізде өлкета­нушы, филология ғылымда­ры­ның кандидаты Әніс Жақыпов ағайымыздан естіген дерек еді. Ол кісі Байқоңыр мен Қазалы арасында «Кіндік» деген жер атауы бар екенін айтатын. Дәл осы маңда Адам ата мен Хауа ана жерленген деп те аңыздарды сөйлетуші еді. Анығын дөп ба­сып ешкім айта алмайды. Оның үстіне «Байқоңыр – жер кіндігі» деп те бекер айтылмаған сияқты. Әу баста зымырандарды көкке ұшырудағы ең тиімді, оңай тұсы қазақ жері, оның ішінде Байқоңыр аймағы деп ғалымдардың танып-білуі осы жер атауларына әбден қатысы болуы мүмкін, – деп көпшілікті ойға қалдырды.

Иә, анықтайтын, әлі де пі­сіп-жетілуі кем көп мұра Сыр бойында жетерлік. Өткен жылдары аудандағы ұлт мұрасын қадірлейтін біршама жігіттер осы Адам ата қорымын қор­шапты. Айналасы 500-ден әрі мүрде орны бар бұл жерде әлі ашылмаған көп құпияның бары рас.

Қосыммен қатар жатқан киелілер жайлы бірер сөз

Сартай батыр бастаған,

Кіші жүзден мың бала,

Аттанды ұлы жорыққа.

Қамшысы бар білеулі,

Найзасы бар егеулі,

Саржасы бар кезеулі,

Ұрандап шапқан ұрыста,

Əр біреуі жүз кісіге балаулы… 

Бұл Нұрмағанбет Қосжанұлы қалдырған атақты «Сартай ба­тыр» дастанынан үзінді. Халық­қа да батыр жайлы деректің там-тұмдап жетуіне осы шығар­маның үлесі бары айтпаса да түсінікті. 2012 жылы тұ­сауы кесілген фильмге осы жұрт аузында қалған жыр жолдары да себеп болды. Бірақ, сіз бен біз естіп-білген немесе көркем фильмде көргендей Сар­тай батырдың жас күнінде шайқас алаңында жоңғарлардың қолынан мерт болды деген тү­сінік бүгінгі жас буынның са­на­сына кіріп кеткендей. Шын мәнісінде жасы ұлғайып қайтқан батырдың бүгінгі күні ерлік істері дәріптелу жағы кемшін болып отыр. Ал біз ар­найы­лап барған Қазалыға қа­расты Тасарық елді мекенінен 35 шақырым қашықтықта жат­қан Сартай батыр қорымы бас­қаша сыр шертеді. Өзінің діни ұстазы санаған Қосым қожа мен атақты Жалаңтөс баһа­дүр­дің ұрпағы Дәулет бақ­сы­ның жанына мәңгілік жай­ғас­қан «Мың баланың» бас қол­басшысы жайлы сапар барысында көрген-білгенімізді қағаз бетіне түсіргенбіз. Әуелі Қосым қожадан бастасақ.

Тасарық ауылындағы №238 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, өлкетанушы Алмат Сұлтамұратовтың айтуынша, бұл жерде үш жүзге пір болған сопы әзиз Мүсірәлінің бел баласы, кіші жүзге пір болған Қосым қожаның (кей деректе Мүсірәлі – Алаштың пірі, Қосым – қазақтың пірі деп те айтады) бейіті осында болып, содан кейін әулие қасына мәңгілік жайын қатар қоюшылар көбейген. Қазақтың түсінігі бойынша, әулиенің шапағаты тиер деген діни ұғым Қосым бабаның қасындағы көп зираттың шоғыр­лануының бас­ты себебі деп қарастырсақ болады.

– Мына қорым сыртында Қосымның өзі бала оқытқан, елгі діни тәлім-тәрбие ұқтырған мешіті тұр. Бұл маңда ел отырған. Негізі, бұл Қосым баба Жетірудің бір тармағынан тарайтын Керейт руынан шыққан діни қайраткер. Халық арасын­да Керейттен шыққан қожа деп те аталып кеткен. Біздің руы­мыздың Керейтқожа деп те аталуы осында. Ал кейбір рушыл­дық, тектік дертпен ауырған түрлі пәлсапашылар Қосымды да, Мүсірәліні де арабтан әкеліп таратады. Бұл қате пікір. Бұлар нағыз қазақтан шыққан, сол ұлтқа қызмет еткен, қожа деген статусты өз білім дәрежесімен алған кісілер. Ал енді Қосыммен қатар өмір сүріп, дос болған Дәулет бақсы жайлы айтар болсақ, бұл атақты Жалаңтөстің немересі. Қобыз ойнатып, елді түрлі аурудан емдеген айтулы бақсы. Зерттеуді көп қажет ете­тін тұлға.

Мұнда аптаның бейсенбі, жұма күндері халыққа толы бо­лады. Біреуге бала, біреуге ден­саулық қажет. Ал, есінен ауыс­қан, жын қонғандар да осында келіп, әулие шарапатын көріп жүр. Сонау Әйтеке би кентінен 70 шақырымдай жүріп келіп, осы Қуаң өзеніне жақын орналасқан, қожасы да, қарасы да қатар жатқан бабалар басына жұрт тоқтаусыз келуде, – дейді өлкетанушы Алмат ағамыз.

«Төбесі құлап түскен, саз балшықтан өрген үйтам басынан «Қосым қожа бейіті. 17-18 ғасырлар. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген тақтаны кезіктірдік. Оның қасында Қосымды бала күнінен бағып, тәрбиелеген «Сары қыз» анамыздың ескерткіш тақтасы тұр. Ал әулиеден сәл жоғары Әйтеке бидің ұрпағы Өтебас тамына қойылған белгі де бар. Қосымқожа қабірінен солға қарай өз алдына бір бөлек үйтам көзге түседі. Бұны жергілікті халық «Бала әулие» деп атайды екен. Атауы айтып тұрғандай, мұнда жастай шетінеген нәрестелер жатқан көрінеді. Тіпті кейбір адамдарға осы үйтам басынан ойнап жүрген жас балалардың елесі де жиі көрінеді-мыс. 

Алдымызда, сәл биігірек ор­наласқан, төрт бұрышты етіп кір­пішпен көтерген күмбезді ке­сене кездесті. Соңғы жылда­ры бой көтергені көрініп-ақ тұр. Бұл Жалаңтөс баһадүрдің ұр­пағы Дәулет бақсының қобы­зына арнап салынған белгі болып шықты. Оның дәл сыртында Дәулет бақсының жартылай құлаған өзінің мәңгілік жайы көрінеді. Ұлы адамдардың бір жерге шоғырлануының сыры ен­ді түсінікті сияқты. Жалаңтөс баһадүрдің баласы Дәулет бақсы, Әйтеке бидің баласы Өтебас, Сартай батыр секілді тарихи тұлғалардың осы маңға келіп жатқанынан бұл аймақта Қосым қожаның беделінің қаншалықты екені онсыз да белгілі болып отыр. Ел аузындағы мына бір аңызда баяндалатындай, Қосым қожа, төртқара Дəулет бақсы, жақайым Сартай батыр үшеуі Қызылдың құмында келе жатып, алдарынан шыға келген қоянды көреді. Қоян да бұлардан үрік­пей, арқан бойы жерде көрініп тұрған сексеуілдің түбіне жата кетеді. Сонда ат тізгінін тежеген Қосым қожа: «Мен өлген­нен кейінгі бейітім анау қоян жат­қан жер, сен Сартай оң жа­ғыма, Дəулет сол жағыма жай­­ға­сар­сыңдар» деген екен. Халық шығарған әпсана дегенмен де, барлық мұсылман арасында халық ішіндегі беделді адамдардың қаншалықты алыс болса да өзі қол берген, пір тұт­қан әулиенің басына келіп жатуы қабылданған заңдылық сияқты. Себебі, әулие Алланың сүйген құлы. «Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады. Нұр бар жерде береке болады» деген түсінікпен әулиенің маңына барып жатсақ, сол әзиз жанның құрметі үшін Алланың жарылқауына ілінерміз деген үміт кез келген пенде басында болған.

Ал Аңырақайда мың баланың басын қосып, қалың қалмақты еңірете қуған, Аралдың Ақшата­уында туып-өсіп, сүйегі Қосым бабаның қасына жерленген Сартай Байжанұлы жайлы деректі ел енді танып келеді. Біз көрген деректе батырды 1711 жылы туып, 1785 жылы қайтыс болған деп жазады. Бұл дәуір, тарих жылнамасында көрсеткендей, қа­зақ пен қалмақ арасындағы соғыстың шарықтау шегіне жеткен кезі десек болады. Ал енді тарих ғылымдарының кандидаты, Бауыржан Еңсеповтің зерттеуіне сүйеніп, мақаланы қоюландыра түссек. Ғалымның зерттеуінде былай баяндалады: «Алғашқы дерек көздеріне Нұрмағанбет Қосжановтың «Мың бала» дастанын жатқы­за­мыз. Онда Сартай батырдың азаттық қозғалыстағы қаһарман­дық ерлігі жан-жақты сипатталады. Осы шығармасы үшін ақын Нұрмағанбет Қосжа­нов 1930 жылы саяси қуда­лау­дың нысанасына ілігіп, жазық­сыздан 5 жылға сотталған. Сая­си қудалау онымен тоқта­май, 1937 жылдың 29-тамызында Ақтөбе қаласының НКВД үш­тігі Нұрмағанбет Қосжан­ұлын «халық жауы» деп айыптап, ату жазасын кесіп, үкім сол жылы 4-қыркүйекте орындалады. Осыдан соң Сартай батыр бастаған шығармаға тыйым салынып, 70 жыл бойы айтылмай келді. Ақынның «Сартай батыр» атты тарихи поэмасында мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілқайыр хан басқарған қазақ халқының әскерімен бірге Аңырақай шай­қа­сындағы ерлігі жырлана­ды. Тарихи жырдағы дерекке сүйенер болсақ, Сартай 1710-1711 жылдары дүниеге келген деп топшылауға болады. Сонымен қатар, батырдың шығу тегін Арал қазақтарының шежі­релік мәліметтерінде оны кіші жүз Әлімұлы тайпасының шек­ті руына жатқызады. Ақын З.Шү­кі­ровтің жазып қалдырған ше­жіресінде Жаманақ (Шекті) – Шыңғыс – Жақайым, одан – Ақ­бура, оның үлкен әйелінен – Абат, кіші әйелінен – Асан. Асаннан үлкен Асан және кіші Асан. Ал кіші Асаннан – Қосқұлақ, одан Байжан. Байжан бидің екінші әйелінен – қолбасшы, би, батыр Сартай шамамен 1711 жылы туып, ұзақ өмір сүріп, 1817 жылдың қыс мезгілінде (ғалым батырдың қайтқан жылын басқаша көрсетіп отыр, ал Сартайдың туып-қайтқан жылдарына қатысты түрлі болжам барын тағы да ескертеміз – авт.) қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақшатау елді мекенінде қайтыс болып, Қазалы ауданында жерленген. Қорыта келе, ХVІІІ ғасырда қазақ қоғамын­да, оның ішінде Кіші жүзде өзін­дік ықпалы бар шекті руы­ның биі әрі батыры Сартай Бай­жанұлының қоғамдық-саяси қыз­метін тарихи тұрғыдан талдап, оның қазақ тарихындағы алатын орнын көптеген дерек көздері арқылы ашып көрсету үшін зерделі зерттеу жүргізу қажет. Ол үшін Сартай батырға қатысты Ресей Федерациясы ор­талық мемлекеттік мұрағаты мен Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағат қорларындағы құжаттармен танысып, ғылыми негізде саралау керек».

Зерттеуші осылай дейді. Ал халықтық дерек бойынша, ел қорғаған батыр өмірінің со­ңын­да дінге бет бұрып, Қосым қожадан дəріс алып, бақилық бол­ғандардың жаназасын шыға­рып, батыр атағынан бөлек, дін жолын уағыздаушы ретінде де белгілі болған. Әулиелігімен, қа­ра қылды қақ жарған əділ­дігімен, хақ жолын берік ұстаған адалдығымен би Сартай деген атпен де ел-жұртына кеңінен танылады. Тіпті, көп деректерде жазатындай, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, түрікпен жұрты оны «көкірегі пəк адам» деп құр­мет­теген. Себебі, Сартай би ел­ге өзі келіп тиген жау болмаса, жау іздеп жорыққа шығуды қо­лай көрмеген. Барымта мен ел араздығын тудыратын кез кел­ген жаманат шақырар істен аулақ болуды халқына насихат­тап, бірлікке шақырып, ислам дінін уағыздауда көп күш сал­ғанға ұқсайды.

«Енді көкейде қалып кеткен, әсіресе, «Жаужүрек мың бала» көркем фильмінде көрініс табатын Сартай батырдың өмі­рі кадрдан тыс жатқанын көп­ші­лік біле бермейді. Рас, көп зерттеушінің пікірінше, кино тарихи шындықтан тым қатты бұр­маланған. Меніңше, бұрма­ланды дегеннің өзінде осы киноға алғыс айту да керек шығар. Өйткені, осы туынды халыққа жедел тарасымен барып, Сартайдың кім және қандай адам болғандығы жөнінде деректер қоры біртін­деп шыға бастады емес пе?! Оның қаншалықты тарихқа жа­қын не алшақтығын айтпасақ та, жастарға патриоттық тәрбие бе­руге «Жаужүрек мың бала»  фильмі өз үлесін анық қосты. Бұл енді өз пікірім.

Айтпақшы, осы Қосым қожа бастаған аруақтылардың мәң­гілік жайынан 20-25 шақырым әрі Ақ ишан (Ақмамбет), Қара­сақал Ерімбет зираты мен Ақша батыр қорым-мұнарасы да кез­деседі. Бұл Ғани Мұратбаев ту­ған өлке дейді білетіндер. Сол маңда Шығыс жұлдызының ді­ни дәріс алғанын да айтады үл­кендер. Тағы да айтамыз, құм қой­науында көп сырды ішке бүк­кен тылсым тарих жатыр…

Жанқожа жатқан жайға барсаңыз…

Қазалыдан арнайы жол тал­ғамайтын көлікпен 270 шақырым асып, Қызылқұмның үстін баса, Жанқожаның өзі жатқан мазар басына бара аласыз. Қара жолмен. Тақтайдай тегіс жол жоқ. Біз әуелі Кәукей ауылындағы Жанқожа батырдың ағасы Ақ­мырза ұрпақтарының үйінде болдық. Басты мақсат – мұнда батырдың соғыста киген сыртқы сауытын өз көзімізбен көру еді. Құнды жәдігерді аудан мен облыс музейлері қанша сұраса да, өз көздерінен таса етпеген батыр ұрпақтары «бабамыздың көзін шаңырақтан алыстатқымыз кел­­­мей­ді, бұл – отбасылық ше­шім» деген ойларын да айтты. Әйтсе де, түпкір ауылда жат­қан мұндай мұраны іздеп келіп, көрушілер жетерлік. Баба ұр­пағы Эльмира Ебелекованың ай­­туынша, тарих зерттеушілері әдейілеп ат басын бұрып, батыр­дың сауытын суретке тартып, өз ғылыми мақалаларына арқау еткен.

Сапарымызға оралсақ. Кәу­кейден 170 шақырымнан аса жатқан шекараның нақ түбін­дегі баба кесенесіне кешке таяу жеттік. Жолда Ажар атты шағын ауыл мен батыр атындағы Қы­зылқұм шекара бекетінде аз-кем аялдадық. Бізге серік болып жүрген Тасарық ауылының әкімі Марат Сұлтамұратовтың айтуынша, мұнда көшпелі ата-бабамыздың қыстауы көп кез­деседі, тіпті, құм арасында көп бұлақтардың орны әлі де бар. Кеңес дәуірінде әр сов­хозға тиесілі жүктелген сол бұ­лақтарды тазалап, көзін ашып тұратын мекеме де болған көрі­неді. Сапар барысында жол­да кездескен 2-3 бұлақ басына аялдап, салқын суына түстік. Әлі де әкім айтқан көп қай­нар­дың бітелген көзін ашып, тиісті жұмыстар атқарса, мал шаруашылығына бұрынғыдай көмегі тиері сөзсіз.

Халық батыры Жанқожа Нұр­мұхамедұлы жайлы айта қалсақ, оның ең біріншіден, Хиуа мен Қоқан, одан қалды, орыс отаршыларына қарсы кү­ресте ел аузындағы ерлік істері бірден ойға оралады. Бұл туралы сөз қозғамаймыз, әрі көп­шіліктің Жанқожаның ел үшін жасаған ерлік істері мен әу­лие­лік қасиетінен біршама хабардар екені анық. Батыр туралы көптеген зерттеуші ғалымдар, жазушылар еңбек қалдырды. И.В.Аничков, Б.Шалабаев, С.Қас­қабасов, З.Шүкіров М.Қа­наз, Б.Кәрібозов, сынды белгілі тұл­ғалар жазған шығармаларда батыр бейнесі бүгінге толық ашылып жеткендей. Әсіресе, ұзақ жылдар осы тақырыпта тереңнен қазбалап, көнекөздер әңгімесін қағазға түсірген, 50 жылдан астам мұрағат ақтарған, зерттеуші-жазушы Әбсаттар Ос­­панов өзінің «Жанқожа ба­тырдың тарихи бейнесі» атты зерттеу мақаласында («Егемен Қа­зақстан», 12-маусым, 2013 жыл) батыр жайлы мынадай маңызды ақпарат береді: «Жанқожа 1774 жылы қазіргі Қазалы ауда­нын­дағы өзінің есі­мімен аталатын ауылдың шы­ғысында жатқан Сарыкөл мен Қаракөлді қосатын «Күр­кі­реуік» арнасы жағасында дү­ниеге келген. Ал 1860 жылы  наурызда жалғыз үй отырған 86 жастағы батырды он төрт жасар баласын патша сарайына кепілдікке беріп, орыс армиясының полковнигі атағын алған Елекей (Ермұхаммед) Қа­сымов өз отрядымен қамап, Бай­қадам батырдың кенже ұлы он жеті жасар Ақсақалға аттырып өлтірген.  Батыр Қызылқұмдағы өлтірілген жерінде жерленген.

Жанқожаның туған-өлген жылы, жері жайлы деректер ешқандай талас туғызбайды. Өйт­кені, ол жайлы 1992 жылы жарық көрген «Жанқожа батыр» атты тарихи романымның 1-кітабында мұрағаттық дерек­терді батырдың XX ғасыр басында өмір сүрген ұрпақтары айтып кеткен мәліметтермен са­лыстыра, жан-жақты зерттей отырып жазған болатынмын.

Батырдың туған ағасы Ақ­мырзаның немересі Бижан мен Жанқожаның 1936 жылы 83 жасында дүние салған кенже қызы Байсалды көрген, олармен Арал ауданының «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты «Биіктау» ауылында көп жыл бірге тұрған Қабыл Сәрсенбайұлы мен Тойымбет Күлімбетұлының 1979 жылы наурыз айында менімен болған сұхбатында айтылған деректер бойынша, әкесі өлген­де Байсал 7 жаста болған. Олай бол­са, ол 1853 жылы туған (1936-1983), оған 7-ні қоссақ, ба­тыр­дың қайтыс болған жылын (1860) білеміз.

Бірде, Жанқожаның әрі іні­сі, әрі баласы және батыр сар­баздарының бірі Жалмырза Ақ­мырзаұлы үлкен ұлы Би­жанға: «Жанқожа атаң орыстармен со­ғысатын кезде 82-83 жаста еді» деген екен. Көтерілістің 1856 жылдың күзі мен 1857 жылдың қаңтарының екінші жартысы аралығында болғаны мұрағат деректерінен белгілі. Көтеріліс кезінде сатқындық жасаған ру­­басыларына және Қазалы форт басшыларымен ауыз жаласып, орыстардың пайдасына тыңшылық еткен кейбір билер мен батырларға өкпелеп, Бұхара жеріндегі «Ерлер» шыңына кө­шіп кеткен батырдың үш жыл өткеннен кейін ғана ажал құш­қан жеріне оралғанын ескерсек, онда оның 1860 жылы өлгені және 1774 жылы туғаны (1860 – 83 – 3) дау туғызбайды.

М.Тынышпаев айтқандай, «көзінің тірісінде-ақ үш жүздің әйгілі батыры, белгілі биі һәм алдын болжаған әулиесі» атанып, бірақ қаншама теңдессіз ерліктер, әділ әрекеттер жасаса да, қашаннан да ауызбірлігі жоқ халқының басын бір ту астына біріктіре алмай, бүкіл ғұмыры өкінішпен өткен, ақыры, қартай­ған шағында, өз елінен шыққан сатқындар қолынан қаза болған сол Жанқожа батырдың жеке басына қатысты нақты деректер осындай».

Әбсаттар Оспанов ағамыз айтқан зерттеуден асып ештеңе айтпаймыз. Біздің басты мақсат, қос ел – Қазақстан мен Өзбек елі шекарасының нақ түбіндегі, Қызылдың құмындағы батыр бейітін көзбен көріп, көнекөздер айтқан дерекке қанығып қайту.

Батыр мазарының қасында өзінің үзеңгілес, сенімді серігі бола білген Жақайым Қызылбас палуанның да денесі жатыр. Сонымен бірге көне қорымдар кездеседі. Бүгінгідей еңсесін кө­терген бейіттерді мұнда көр­мейсіз. Көбісі сексеуіл үйін­дісімен қоршалған немесе жа­қын жердегі тұзды көлдің ақ кесектерінен үйме-үйме етіп көтерген ежелгі мазар орнын байқайсыз. Айтпақшы, баба басында кейінірек марқұм болған мұсылмандардың жайлары бар. Ал көне қорымдардың көбісінің кімге тиесілі екені белгісіз, уақыт өте тіпті жер бетімен бір­дей тегістеліп кеткеніне де куә болдық, ал кейбірінде ұрпақ­тары жаңғыртқан белгі мен қор­шау бар. Көбіне, мұндай ескі зират орнын қоршау елге белгілі адамдар басында ғана болатын көрінеді. Мысалы, Қы­зылбас па­луанның зираты көне сек­сеуілмен тұрғызылса да, кейі­нірек ұрпақтары темір қоршау жүргізіпті.

Баба басында көптеген жыл шырақшы болған Иманғали Са­ғадинов ақсақалдың ұлы Ер­кін біздің жолбасшымыз еді. Ер­кін­нің айтуынша, аудан әкі­мі Мұрат Ергешбаев рухани құн­дылықтарға аса мән беріп отыр. Биыл осы баба басындағы түнеухана ішін-сыртын күрделі жөндеуден өткізіп, керек заттармен тағы қайта жабдықтау туралы ұсыныс берген.

Баба басына қыс айында аса қатты ауру батқан адам болмаса, мұндай мойны алыс жерге көпшілік бара қоймайды. Ал, көктем туып, жаз шығысымен келушілер күрт артады. Олар­дың дені дертіне шипа ізде­гендер, сәби сүймеген адамдар, сонымен бірге көршілес Өзбек­стандағы қандастар жиі соға­тынға ұқсайды.

Жанқожа батырдың зираты дәл шекара сымы керілген жерде, Қазақстан жақ бетте ор­на­ласқан. Ал батырдың өз әкесі Нұрмағанбет те, оның ағасы Өтегеннің де зираты бұл маңайдан тым алыс, Қаза­лының баба атындағы ауылына жақын жерде қатар жатыр. Өз туысы Рахманқұл мен Хиуа бас­қыншылары қастандық жа­са­ған бабаның туған ағасы Ақ­­мырзаға да сол әкелері ма­ңына ескерткіш орнатылған. Ар­ғы атасы Киікбай батыр Арал­ға кетер жолдағы Шәкен ауы­л­ының территориясында кө­рінеді. Басында мұнарасы бар. Бізді бастап әкелген Еркін Иман­ғалиұлы осы Ақмырзаның Иса атты баласынан тарайтын Би­жанның шөбересі екен. Бижаннан  Сағадин, Сағадиннен Иман­ғали, ал Иманғалидан біз­дің жолбасшы Еркін ағамыз туа­ды.

«– Қызылбас палуан атамыз­дың ең сенімді серігі болғанға ұқсайды. Жаугерші­лікте ту ұс­тап, елдік пен ерлікті қатар алып жүрген батыр екен. Ірілігі сонша, ат белі көтере алмай, өзі түйемен жүретін көрінеді. Өзі­нің аманаты бойынша, Жанқожа батыр қайтыс болған соң, ба­баның аяғына қойыңдар деп өті­ніш айтқан. Аманат орындалып, оның бейіті де бабадан төменірек тұр, – деді Еркін аға­мыз палуан бейітін көрсетіп тұрып.

Күн ұясына батар тұста көл­беңдеп мына ой келе берді. «Өл­сем де қазақ жерінің бір шетін аяғыммен тіреп жатайын» дегендей баба мазары шынымен шекара сымының нақ түбінде орналасқаны мені сол кезден бүгінге дейін әлі таңғалдырады. Сырт көзге айбат болып, зама­нында дұшпаннан қағажу көр­ген қазақтың қамын жеген ұлт тұлғасының қорымы көп сырды ішіне бүгіп, үнсіз ғана жатыр. Ел мен жерін қорғауда ат үстінен түспеген Жанқожа ата­ның сол ерлігін бүгінгі ба­қытты ұрпағы ұмытпаса ғой деген тілек бар еді бізде де.

 Сапар соңы Сараман-Қоса

Кәукейден әрі кетсе 2-3 ша­қырым алыс орналасқан «Са­раман-Қоса» мұнарасы тарихи жә­дігерлер қатарына кірсе де ел бұл туралы түрлі дерек айтады. Тарих зерттеушілер бұны «жаугершілікте қарауыл қоюға пайдаланған» десе, енді бірі «бұл маң Арал теңізінің бір кез­дегі орны. Сырдарияның Қар­лаң өткеліндегі көне қала – Жент­ті мекендеген оғыздар мен кейінгі қыпшақтардан қалған, теңізде жүзген кемелерге от жағып, белгі беріп, жол көрсету үшін салдырған мұнара» десе­ді. Ал енді жергілікті жұрт Са­раман-Қоса тарихын басқаша таратады.  Нақтысы беймәлім.  Айтпақшы, жазушы Әбсаттар Оспановтың «Наркескен» атты тарихи-көркем трилогиясын­да бұның түпкі шығу тарихын керемет етіп баяндайды. Аңыз бойынша, достығы жа­расқан ханның жалғыз ұлы Са­раман мен кедейден туған ер Қосайдың есімдерін бірге та­ңып, «Сараман-Қоса» деп ат бер­ген оқиғаның қысқаша же­лісі мынау еді.

«Шамасы 10 шақты ғасыр бұрын бұл өлкені оғыз-қыпшақ­тар мекен етсе керек. Тегі бір түркітілдес, туыс халықтар ауылы аралас, қойы қоралас дегендей, қыз алысып, қыз берісіп, бейбіт өмір кешкенге ұқсайды.

Қош, сонымен осы өңірде Женттей қала тұрғызып, билік құрған ханның Сараман деген ұлы мен Қосай деген жарлы жігіт бала күнінен бірге өскен, жұбы жазылмас, жан аямас дос­тар болыпты. Екеуі құрдас әрі нағыз ержүрек батыр, соғыс өнерін меңгерген, ел мақтаған жігіттер екен.

Бірде шағын қаланың күн­делікті күйбеңінен іші пысқан қос батыр «Рұқсат етсеңіз, жер көріп, ел танып қайтайық» деп хан алдына барыпты. Хан да қарсы болмай, батасын берген. Арнайы рұқсаттан соң екеуі Қуаң мен Сырдан асып, Арқаға қарай жатқан қалың елді аралап екі айдай уақытты да еңсерген. Арқаны айналып, Сарысу айма­ғына келген бұлар үлкен бір қыз ұзату тойының үстінен шығады.  Ойда жоқта үстінен түскен думанға ауыл адамдары екеуін ежелгі дәстүрмен қонақ етіп, құрақ ұшады. Жастардың ортасына апарып, айрықша құрмет көрсетеді.

Бұл аңыздың қызығы енді басталғалы тұр. Жастар арасына түскен Сараманның сол күні кешқұрым еңсесі түсіп, жүзінен қобалжу біліне бастайды. Әбден жас күнінен сыралғы болған жан жолдасы Қосай досының көңіл күйін жазбай таныса керек-ті. Сарамандағы мазасыздыққа әкелген басты себеп мынау еді. Қыз-бозбала арасында хан ұлын сарыуайымға салдырған ұзатылғалы жатқан қыздың ер жігітті ерітпей қоймайтын ерекше назды қылығы болатын. Оның үстіне, қанша жерден әдеп сақтаймын десе де, іштегі бұрқ етіп басталған асау сезімге бұғалық сала алмаған қыз байғұс та жәудіреген жанарымен қапсағай денелі, қияқтай қара мұртты жігітке бар ынтасы кеткен еді.

Әпсананың әрі қарайғы желісін сізде ұғып келесіз, құр­метті оқырман! Айттырған же­ріне қарамастан, Сараман да, ұза­тылғалы отырған ару да ғашықтық деген дертке шал­дығып,  ақыр соңы екеуара келі­сіммен, шын бақытқа жету үшін атқа қонып, түн жамылып, қашқанға ұқсайды. Әрине, қыз­ды алып қашу жоспарына ер Қосайдың да үлкен көмегі болғаны сөзсіз.

Оқиғаның соңы былай болады. Түнгі даланың бұйығы тыныштығын бұза шапқан қашқындар көп ұзамай Сарысу аймағынан ғайып болады. Таң ата той иелері қыздан айырылып, сорлап қалғанын біледі. Қыздың алты ағасы болған екен. Алтауы бірдей атқа қонса, артынан ерер алпыс жігіттің бар екені белгілі. Қашқындардың ізіне түскен осы алтау Бетпақ даланы кесіп өтіп, Сырға қарай ат қойған қашқындардың соңынан ілеседі ғой баяғы. Бес күн шауып, алтыншы күнге таяғанда  Сырдарияның жағасына тұяқ іліктірген қос жігіт пен қыздың артын қуғыншылар да таяп қалған еді. Ендігісі белгілі. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені, бұлардың жайын білсе, әскер әкеліп екі жақ соғысу да бек мүмкін еді. «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзімізбен өзіміз болайық. Әу бас­та бұл тәуекелді бастаған мен едім. Өзім алдын бөгейін, Қосай, сен қызды алып Қызылқұмды бетке ал. Мен аман қалсам, сендерді табармын» дейді хан ұлы. Сонда Қосай: «Екеуіңнің садағаң кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер» десе де, Сараман көнбеген. Ажалына көрінген деген осы шығар. Қыздың алты ағасы алпыс жігітімен күші басым болды. Жеті адамды жебемен жықса да, Сараман ақыры қолға түседі. Басы кесіледі. Ал он-он бес шақырымдай ұзаған қыз бен Қосай ендігі жайы қалай болған?! Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі сол» дейді. Қыздың «өзім қара жамылдым, еліңе не бетіммен барамын?!» деген зарына да қарамастан, қыз мінген тұлпарды қамшымен бір тартып, енді қуғыншыларға қарай ер Қосай қарсы шапқан көрінеді…

 Әттең-ай, дейсің. Күші басым қыз ағалары Сараманмен бірге Қосайдың да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. Арада екі-үш ай өткенде арнайы іздеумен сүйегі табылған махаббат құрбандарын хан әкенің  жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жеріне жерлейді-міс. Кір­піш бастырып, күйдіріп, мұнара тұрғызады».

Мінекей, Сырдың төменгі ағысындағы әпсананың біріне осылай қанығып қайттық. Айт­пақшы, бұл жайлы аңыздың та­ғы бір нұсқасы бар. Ол бойынша да бір-біріне ынтық екі жас зұлымдардың құрбаны болады. Бүгінде мұнараға республи­ка­лық маңызы бар тарих және мә­дениет ескерткіші мәртебесі берілген. Мұнараның төбе жа­ғында үш қарауыл тесігі бар, аузы оңтүстік-шығысқа қара­ған, 1984 жылы қайта қал­пына келтірілген. Әуел баста шикі кірпіштен өріліп, кейін­нен күйдірілген кірпішпен қапталған.

Түйін. Ысыған жаз басталғалы ысылдаған құм арасынан қазақтың өткенін білсек деген өлермендікпен апталап жүрсек те, бұл сапарға өкінген ешкім жоқ шығар. Бастысы, тарихи тұлғалардың өмір жолы мен ерлік ісі, елге деген қызметіне қатысты көрген-білгенімізді қағазға беттеп, «теңізге қосқан тамшыдай»  болса да үлес қосуды өзімізге парыз санадық. Әлі де қарт Қаратаудан бастап Аралдың кең атырабына дейінгі аймақта бүгінгілер білмейтін һәм білуге тиісті қанша құндылық жатқанын ешкім тап басып айта алмайды. Біз Қазалының бір бөлігін ғана шарлап шықтық. Бармаған, көрмеген нысандар қаншама?! Осындай шежірелі ескерткіштеріміз жайлы жазу үстеліне отырмас бұрын, олардың нақты мекен-жайына барып, көзбен көріп, көңілге түю бөлек дүние. Айтқандай, «Сыр медиа» ЖШС жанынан құралған шығармашылық топтың киелі жерлер мен тарихи мекендерге сапары әлі де жалғасатын болады. Бұл – жаңғыру жолы.

 Ержан ҚОЖАС,

“Сыр бойы”.

Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай.

Қызылорда-Қазалы-Қызылорда.