«Сыр елі салған сара жол» тақырыбында қалалық әдеби-өнер өлкетану алаңы

Қалалық білім бөлімінің Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейі мен облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Сыр елі салған сара жол» тақырыбында қалалық әдеби-өнер өлкетану алаңы өтті.
Өзгеше форматта дайындалған өлкетану алаңының қонақтары алғашында мектеп тынысымен танысты. Темірбек Жүргенов мұражайын аралап, «Ежелгі Сыр еліне саяхат» көрмесін тамашалады.
Еліміздің рухани дамуына үлесін қосып жүрген Сыр елінің азаматы, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов ұстаздар қауымының қоғамдағы мәртебесі, отбасындағы бала тәрбиесі жайында сөз қозғады.
Мектеп түлегі, белгілі жырау Серік Жақсығұлов қазақтың жыраулық өнерінің бүгіні мен ертеңі туралы сөз етсе, «Ұстаз мәртебесі» газеті, «Әлімсақ» журналының бас редакторы, журналист Нұрлан Көбегенұлы журналистика саласының қыр-сырымен бөлісті.
Мектеп-лицейінің биылғы оқу жылының басты жаңалығы – Шахмардан Есетов атындағы шахмат сыныбының ашылуы. Шахмат үйірмесіне 2-11 сынып оқушылары қатыса алады.
Оқушылардың бойында ұлттық сананы, әдет-ғұрыпты, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту, өз өлкеміздің ұлттық өнерін насихаттау арқылы оқушылардың бойына болашаққа деген сенімді қалыптастыруды мақсат еткен бұл шара өскелең ұрпақ пен аға буын арасында берік көпір орнатудың негізі болды.

Меруерт Қуанышбекова
Облыстық “Рухани жаңғыру” орталығы