Қызылордада «Қызғалдақ – өркениет куәсі» атты өнер фестивалі өтті

Қызылорда облысында «Қызғалдақ – өркениет куәсі» тақырыбында облыстық өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шара Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын жүзеге асыру мақсатында қолға алынды. Оны Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы және облыстық білім басқармасы ұйымдастырды. Фестиваль Жаңақорған ауданы «Қыраш» ауылында өтті. Аталмыш шараның мақсаты – оқушылардың өлке тарихына, табиғатына, мәдениетіне танымдық қызығушылықтарын арттыруды, экологиялық, тарихи саналарын жаңғырту.

Фестивальге облыстың барлық ауданы мен Қызылорда қаласынан оқушылар қатысып, 5 бағыт бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, «Қызғалдақ – түркі мәдениетінің әсем өрнегі» атты қолөнер, «Өсімдік әлемінің жауһары – қызғалдақ» атты ғылыми жобалар, «Өмір – гүлмен көркем» атты поэзиялық шығармаларды мәнерлеп оқу, «Қызғалдақ-көктем» атты ән орындау, «Қызғалдақ және дала» атты сурет салу байқаулары жас өрендердің шығармашылық ізденісі мен өнерін көрсетті.

Әрбір бағытта кәсіби мамандар жас өрендердің өнеріне қазылық етті. Қатысушы оқушылар қызғалдаққа қатысты көптеген тың деректер мен ғылыми зерттеулер ұсынды. Мысалы, жас зерттеуші Құралай Айтмұратқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, химия ғылымдарының кандидаты С. Нарменованың ғылыми жетекшілігімен «Өсімдіктер әлемінің гүл падишасы – қызғалдақ» тақырыбындағы ғылыми жобасын ел назарына ұсынды. Онда Қызылорда облысының аумағында кездесетін қызғалдақ өсімдігінің түрлерін зерттеуге және олардың емдік қасиеттерін анықтауға баса назар аударған. Ал №42 Қ. Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің ізденушісі  Қалима Шілдебай «Қызғалдақтың Отаны – Қазақстан» атты жұмысында Қызылорда облысында өсетін қызғалдақтың түрін, туған жердің табиғи ландшафын қорғап қана қоймай, табиғи таңғажайып сорттарын көбейту, байыту мәселелері көтерілген.

Сондай-ақ, «Қызғалдақ – өркениетті түркі мәдениетінің әсем өрнегі» номинациясына қатысқан оқушылар бала қиялынан туындаған қолөнер бұйымдарын көрсетті. Мәселен, жаңа технологиямен гобелен тоқыған мектеп оқушыларының шығармашылық ізденісі, №55 мектеп оқушысы Жәния Мұратқызының «Қызғалдақ» кешкі көйлектің дизайны секілді бұйымдары қызғалдақ бейнесі ежелгі сақ тайпаларының әшекей бұйымдарында кездесетінін ескерсек, жас ұрпақтың шығармашылық еңбектерінен тарихи,  эстетикалық эмоция сыйлады.

Бұдан бұрын Қызылордада робот техникасынан облыстық іріктеу чемпионаты өткенін хабарлаған едік.

Дереккөз: КазИнформ