Ләңгі тебуде бір өнер

Бала күніміздің бір естелігіне айналған ләңгі ойынын білмейтін қазақтың ұлы жоқ шығар. Сонау Орта Азия еліндегі көшпенді тайпалар арасында пайда болған бұл ойынды бергіге дейін жалғастырып ойнап келгені баршамызға мәлім. Ат үстінен түспейтін қазақ баласына тақым мен аяқтың мықтылығын шынықтыру үшін таптырмас тәсілге айналды. Ауыл баласының бір кездері шын беріліп ойнайтын ұлттық ойынының бірі – асық болса, екіншісі – осы ләңгі.
Кезінде ұлттық сипаттағы нәрсенің бәріне үрке қараған Кеңес одағы оны ұлттық санадан өшіруге тырысып, «бала денсаулығына зиян» деген желеумен мұғалімдер арқылы тыйым салып, қудалаған. Бұл қудалау солтүстік өңірлерде ойынды ұмыттырғанымен, қазағы қалың оңтүстік, батыс және шығыс аймақтың қара домалағы күздің қара суығына дейін асық атуын, күн суытқан соң ләңгі тебуін тоқтатпапты. Кей жақта оны ешкінің терісінен ойып оған қорғазын құйып жасаса, ал басқа өңірдің балалары шүберектен жасап тебе беретін. “Айырмасы сырт пішінінде болғанмен, ойын түрі барлық жақта бірдей” дейді көне көз қарияларымыз. Ал енді бүгінгінің компьютер құмар баласы аяқтың ептілігін ширататын, «ләңгі» деп аталатын ойын бар екенін біле ме екен? Осы жөнінде білмекке сынақ жасап көрген едік.
Жоғарыда айтқандай ләңгіні бала күнімізде шұлықтың басын қиып оған күріштің күрмегін немесе саз топырақ салып аузын түйеміз де теуіп ойнайтынбыз. Сол әдет бойынша шүберектен ләңгі жасап, кент орталығында ойнап жүрген кішкентай бала мен ересек ұлдардан осы жөнінде сұрадық. Иә, барлығы дерлік «ләңгі» екенін айтып, бірақ ойнап көрмегенін тіпті ойнай алмайтынын жасырмады. Әйтсе де өздерін сынамаққа бір-екі мәрте теуіп көрген болды. Ішінде «менде көрейінші» деген қыздар ләңгі тебуден жігіттерден қалыспады. Айтпақшы бұл ұл-қыздар «Жасыл елде» қызмет жасайтын жастар. Жұмыс арасында ләңгі ойынын ойнап біраз серігіп алды. Бала күнінде ағаларының ойнағанын көріп өскен Айбек есімді жігіт аталған түрін ойнай алатынын жасырмады. Ләңгіні қолына алып аяғымен жоғары тепкенде ептілігі бірден байқалды.
– Бұл ойынды кішкентай бала күнімде ойнадым, ағаларымнан көрген-түйгенім бар. Қазір ойнамаймын. Бірақ балалық күннен есте қалыпты. Ләңгіні былғары етікпен ойнайды. Себебі қорғасын құйылған соң аяқты ауыртады әрі аяқ киіміңді қоймайды. Бұл көне ойын ғой. Қазір жастар интернетке кіріп кеткен, қимыл қозғалыс жоқ. Оны мойындау керек. Сол үшін қазақтың ұлттық ойыны «Көкпар» секілді жаңғыртып отырса неге қазақ баласы ләңгі ойнамасын?! Қайта нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Айбек Шамшадинов.
Ләңгіні ойнағанда қимылдың артып, бүкіл дене бұлшық етінің белсенді түрде қозғалатынын дәрігер мамандар жоққа шығармайды. Себебі бір қимылдағанда аяқ кезекпен қозғалып тақымың бекісе, омыртқада шап жарығының (грыжа) алдын алып, көздің көру қабілеті артады. Күні-түні қимыл қозғалысы жоқ телефонға телмірген ұрпақтан кез-кезген ауру түрін күтуге болады.
Отбасында ұлттық болмыспен ұлттық ерекшелікке туралы әңгіме айтылмаса ойын баласы ләңгінің екенін қайдан білсін?! Ұлттың тұрмыс-салтын санаға тоқытып, ұлттық ойынды тәрбие құндылығынаралына айналдыру үлкендердің ұрпақ алдындағы парызы емес пе? Сонда ғана жас ұрпақ қазақтың рухани мұрасын бойына сіңіріп, елжанды азамат атана алмақ.
Ерсін Сәдуұлы