Отбасылық оқу ұрпақтар диалогы

Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Қармақшы ауылдық модельдік кітапхананасында орталық кітапхананың әдістеме- библиография бөлімінің ұйымдастыруымен «Отбасылық оқу ұрпақтар диалогы» атты зерделі кеңес болып өтті. Ата-ана және олардың балаларының қолында жақсы кітап бар болса – ол үйде оқырмандық атмосфера, рухани бірлік болатынына кәміл сенуге болады. Отбасы мен кітаптың байланысын ажыратпау өте маңызды. Кітапханашының басты және маңызды рөлі – оқырмандарды кітапқа жақындату. Қармақшы ауылдық модельдік кітапхананасының кітапханашысы Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бадырақ Гүлнар зерделі кеңеске қатынасушылардың назарына «Менің сүйікті кейіпкерлерім» кітап дефилесін ұсынды. Кітап дефилесін Қармақшы ауылдық округінің әкімі Әлімбай Махмұтұлы Білжанов ашып берді. Әлімбай Махмұтұлы өз сөзінде «Адам ұрпағымен мың жасайды» – дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз-оқу. «Надан жұрттың күні – қараң, келешегі тұман»,- деп Міржақып Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі- білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса, көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақтарымызды тәрбиелемесек өспейді, өнбейді. Сондықтан да мен баршаны кітап оқуға, отбасы болып біріге кітап оқуға шақырамын.-деді. Іс-шараны орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Б.Қаниева қортындылап, қатынасушыларға «Алғыс хат» табыс етті. Рухани бай болуымыз кітап оқуға тікелей байланысты.