Аңсағанның анасы

Өткен сенбі күні Қармақшы ауданы әкімдігінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды. “Жылдың үздік ұйымы” номинациясы “Аңсаған” мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық қорына табыс етілді. Қор арқылы балаларды қоғамға кіріктірудің жолын тапқан Бақыткүл Райымбаева бәрі де қызы Аңсағанның “Мама, мен сияқты балалар бар шығар. Соларды үйге шақыршы” бір ауыз сөзінен басталғанын айтады. Тағдыры қиын балаларды көргенде егіле жылап, артынша олар жасаған жұмыстарын әкеліп, өзін қаумалап алғанда жұбанатын. Бастапқыда қиындау басталған тірлігі қазір қалыпқа түсті. Жақында аудан әкімдігі өз алдына ғимарат бермек.
“Мен балаларды оқытпаймын. Бар мақсатым – олардың бойында “мен де жұртты қуанта алады екенмін-ау” деген сенім қалыптастыру” деді Бақыткүл апай. Осыны айтқанда көз жанары мөлтілдеп тұрды. Қоғамның қату қабағын жылытып жүрген осындай жандар аман болғай!