Арыстықтардың Адырбек ақынға құрметі қандай?

Балалар әдебиетінің классигі, ақын-жазушы Адырбек Сопыбековтың ғұмырнамасы мен артына қалдырған асыл мұрасын насихаттап, арыстық өрендерді туған ел руханиятымен таныстыру мақсатында «Талдысу» облыстық тынығу лагерінде қаламгердің «Күншуақ» кітабына саяхат ұйымдастырылды. Аудандық кітапхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Мейрамкүл Айымбетованың жетекшілігімен өрбіген саяхат сабаққа тынығушы өрендер белсенді қатысып, әдебиет әлеміне ынтасы арта түсті.

– Шын өнер жайшылықта емес, жан дүниенің қайшылығында туады. Ал дарын – Алланың айрықша мейір-шапағаты түскен пендесіне берілген теңдессіз сыйы. Жаңақорған жұрты қайталанбас тұлғалармен мақтанады. Соның бірі – Адырбек Сопыбеков. Жан сарайы балалар тақырыбына ауып, баланың таным көкжиегі кеңеюіне қалам тербеген ақынның «Күншуақ» кітабы осыған дәлел, – деген Мейрамкүл Өтегенқызы ақын шығармашылығынан сыр шертті. Жерлес ақынның жырларына құмартқан жасөспірімдер «Күншуақ» кітабын оқуға асықты. Ердәулет Өтепберген ақынның сөзіне, Бексұлтан Байкенжеевтың әніне жазылған «Ақ гүлім» әнін асқақтата шырқап, тыңдаған құлақтың құрышын қандырды. Келесі кезектетынығушылар «Күншуақ» кітабының «Шаңырақ», «Кереге», «Көзілдірік», «Қоразға», «Домбыра», «Қамшы» сынды бөлімдерін тармақтарға бөліп оқып, жырдан жақұт тақты. Одан кейін қаламгердің «Сапар мен парта», «Айналдым нағашымнан» сынды өлеңдері оқылып, саяхат сабақтың мәнін кіргізді. Мәдени мазмұн мен тарихи танымға толы саяхат сабақтың соңынан «Талдысу» тынығу лагерінің кітапханашысы Жанат Төлешова мен Мира Бибасарова «Асыранды мысық» пен Файзулла Сахиевтің «Өлеңінен керемет сыр өрілген» өлеңдерін оқып, оқушыларға үлгі көрсетті. Аудандық кітапхана мен лагерь кітапханасының байланысына оң баға беріп, екіжақты байланысқа алғыс айтқан Мейрамкүл Айымбетова кітапханашы Бибізәуре Қайкенова мен тәрбиеші Ерсұлтан Мұстафаевқа аудандық кітапхана директоры Әсемгүл Тілеубергенованың «Алғыс хатын» табыстады.

Түйін. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін өскелең ұрпақ білуі тиіс», – деген болатын. Бұл тәмсілді берік ұстанып, жас ұрпақты рухани мұраға қанықтырған саяхат сабақта Адырбек ақынның артына қалдырған мәңгілік мұрасы ақтарылды. Мұндай рухани-танымдық кештер барлық мектептерде жалғасын тапса игі…

Ханым ТӨРЕХАН