«Жыр мұра» жобасы

Жобаның мақсаты: Өткенімізді саралап бүгінгімізді бағамдай отырып, келешек ұрпақтың бойына ұлттық өнерімізді, салт дәстүрімізді сіңіру. Ел арасындағы талантты жастарды жыр әлеміне шығару, жыр-терме мектебін ашу.

Жобаның міндеттері:

– 14 қобыз үйірмелерін ашу;

– көне мақам-саз үлгілері, терме-толғаулар, аңыз әңгімелер, қисса-дастандарды жинақтау мақсатында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты 7 ауданда экспедиция ұйымдастыру;

– жыр әлеміне 15 жаңа есім шығару.

Жоба туралы толық ақпарат: Сыр бойындағы жыраулық өнер Қорқыт ата қобызының үнінен бастау алады десек, осы орайда көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып, нәтижесінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи ұлттық мұра тізіміне «Қорқыт ата мұрасы – дастан, аңыз және музыка» деген атаумен әлемдік жауһарлар тізіміне қосылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында көне үлгідегі мақам-саз сарындарды, терме-толғауларды бүгінгі жыршылардың жыр қорына енгізу үшін жыр-терме және қобыз үйірмелері ашылып, нәтижесінде Қорқыт атаның сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің ұмыт болып бара жатқан мұралары насихатталды.

 Қазіргі уақытта Жыраулар үйінде шәкірттерге жыр термелер есту қабілеті (слух) арқылы ғана үйретіліп келеді, нотамен жұмыс жүргізілмейді. Алдағы уақытта жас жыршы-термешілеріміз кәсіби деңгейге көтерілу үшін екі бағытта (нотамен және ауызекі фольклорлық негізде) үйретілетін болады Сонымен қатар, «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, жинақталған фольклорлық мұралар жыр мектептеріне әдістемелік құрал ретінде ұсынылып, жыр мектептері шәкірттерінің сабақ жоспарына енгізілуде.

Жоба қорытындысы бойынша үздік шыққан өнерпаздарға ұлттық киімдер тіктіріліп, олардың қатысуымен Гала концерт ұйымдастырылды.

Жоба көрсеткіштері: 2019 жылы облыстық жобалар кеңсесі аясында «Жыр мұра» жобасы жүзеге асырылып жыл бойы ауқымды жұмыстар атқарылды.

Сәуір айында жыраулық өнердің ертеңі мен бүгінін сабақтастыратын жобаның ашылу семинары болып өтті. Семинарға Сыр сүлейлерінің бүгінгі ізбасарлары Жұмабек Аққұлов, Бидас Рүстембеков және жыр терме үйірмелерінің жетекшілері арнайы шақырылды. Семинар барысында мәдениет саласының ардагері Б.Тілепов, қобызшы С.Пұсырманова, жыршылар С.Жақсығұлов, Ш.Бимбетовалар баяндама оқып, өз ойларын ортаға салды.

 Сондай-ақ, жоба аясында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция жүргізіліп, нәтижесінде:

45 жыршы-жыраудың дауысы, 35 ескі сарындағы мақам-саздар, 27 адамнан аңыз әңгімелер, 5 қолжазба, 25 терме-толғау мәтіндері, 10 дастан, 58 өнерпаздың орындауындағы терме толғаулар жазылып алынды.

Бүгінгі күнге дейін Қармақшы, Арал, Шиелі аудандарында жыр мектептері жұмыс жасап, 236 бала дәріс алған.

 «Жыр мұра» жобасы аясында Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарынан 4 жыр-терме үйірмесі және 7 ауданнан 7 «қобыз» үйірмесі ашылды.

Жоғарыда аталған үйірмелерде 11 маман жұмыспен қамтылып (оның ішінде, 7-і қобыз үйірмесінің, 4-і «жыр-терме» үйірмесі) , жыр – терме, дәстүрлі ән үйірмелері бойынша 25 бала, «қобыз» үйірмесі бойынша 57 бала дәріс алуда. Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта 318 бала дәстүрлі өнерді дәріптеу бағытында тәлім алуда.

Жоғарыда аталған үйірмелерге белгілі жыраулар шеберлік дәріс өткізіп, Сыр сүлейлерінің бұрын-соңды көп орындалмай жүрген мақам-сазары үйретілді.

Сонымен бірге жоба аясында орталыққа 3 домбыра, 2 қобыз аспабы алынды.

Қаржыландыру: Облыстық бюджет

Халықтың қамтылуы: Шығармашыл тұлғалар, қоғам қайраткерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарындағы дәстүрлі өнер мамандығының студенттері, облыс тұрғындары.

Өткізу орны мен уақыты: 2020 жыл, қаңтар-желтоқсан, облыс аудандары мен қала орталығындағы мәдениет үйлері, Жыраулар үйі.

Жариялау: «Жыр мұра» жобасы аясында атқарылған жұмыстардан 10 минуттық күнделік дайындалып, облыс жұртшылығына көрсетілді және әлеуметтік желілерде насихатталды.