Актив отырысында маңызды міндеттер белгіленді

Қызылорда облысы әкімдігінің мәжіліс залында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы активінің қорытынды отырысы болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, этномәдени бірлестіктің жетекшілері, облыстық Ассамблея құрылымдарының басшылары және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында елеулі үлесі бар жандар қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясындағы басқосудың модераторы Серік Ахмет елдегі достық пен азаматтық бейбітшілікті сақтауда ерекше рөл атқарған Ассамблеясының маңыздылығына тоқталып өтті.
«Өз тарихының 25 жылы ішінде Ассамблея конституциялық мәртебесі бар қоғамдық-саяси институтқа, мемлекеттің саяси жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Ол өзінің маңыздылығы мен қажеттілігін тұрақты негізде растайды »,- дей келе облыстық Ассамблеяның барлық мүшелеріне, этномәдени бірлестіктердің басшыларына риясыз және игілікті еңбектері үшін шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ бірлік пен тұрақтылықты ілгері дамыту жолында елеулі еңбегі сіңген жандарға Ассамблеяның «Бірлік» алтын медалі, Құрмет грамотасы, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалін және облыс әкімінің құттықтауын табыстады. Қажырлы еңбектерімен марапат мінберіне көтерілген барша құрмет иелерін және “Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл” медалімен марапатталған облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының директоры Уәлихан Ибраевты құттықтаймыз. Үлкен міндет-абыройлы қызмет!