Жас ақындар айтысы өтті

24 желтоқсан күні «Рухани жаңғыру» орталығы облыс және қала әкімдігінің қолдауымен ақындар айтысын ұйымдастырды. «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» деп жырлаған сегіз ақын дода көрігін қыздырды. Айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Ыдырысов бастаған әділқазылар алқасы таразылаған сөз сайысында елдік мұрат, ұлттық құндылық жырланды.Елдегі карантин жағдайына байланысты шара әлеуметтік желіден тікелей көрсетілді. Руханияттың өзегін арқау еткен жас дарындар залда көрерменсіз өнер көрсеткенімен еш аянып қалған жоқ. Шабыттары да бабында. Нәтижесінде, бас жүлде Қармақшы ауданынан келген Сырым Әділбековке бұйырды. Бірінші орынға Бекжан Ержігіт лайық деп танылса, екінші орын Мұхамеджан Мансұровтың қанжығасына байланды. Бексұлтан Орынбасаров пен Бақдәулет Әбілдаев үшінші орынды өзара бөлісті. Өзге де қатысушылар орталықтың арнайы алғыс хатымен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.