Сығанақ қалашығы туралы

«Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» кітабы негізінде «Рухани бастау» айдарымен аңыздар мен ертегілерден аудиожазбалар ұсынамыз. Бүгін Cіздер сырға толы Сығанақ қаласы туралы мағлұмат аласыздар. Ұлы дала өркениетіндегі тарихи маңызға ие көне қалалардың бірі – Сығанақ. Қызылорда облысы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген ескерткіштердің бірі – осы қала. Қала кезінде Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған. Тіпті, оның екі мыңжылдық тарихы бар деген де деректер кездеседі. Археолог-мамандар Сығанақты «қыпшақ даласының қақпасы» деп те атайды. Оның өзіндік тарихи дәлелдері жетіп артылады. Ескі қаланың орны Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата елді мекенінен 2 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл қала туралы алғашқы мәлімет 982 жылы жазылған «Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары» атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен кездеседі. Ал Х ғасырда өмір сүрген араб географы аль-Мукаддаси аталған қаланы Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 160 шақырым.

Видео «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ сайтынан алынды