“Менің қалам – Қызылорда” экскурсиясы

Ұлы Жібек жолының бойындағы өшпес тарихтың ізі қалған, түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт бабамыздың Отаны, Қызылорда қаласының тарихы 200 жылдан асып кетті. Ондағы әрбір құнды жәдігер, киелі жерлер өткеннен сыр шертеді. Оны білу Сырда туған әрбіріміз үшін бұлжымас заңдылық болуы тиіс. Осы ретте «Менің қалам – Қызылорда» тақырыбында көрікті және тарихи жерлерге қалаішілік экскурсия ұйымдастыру қолға алынды. “Рухани жаңғыру” орталығы мен Қызылорда қаласы тарихы музейі ұйымдастырған шара Алашқа ана болған Сыр елі мұраларын насихаттау, әрбір нысанның, ескерткіштің маңызы мен құндылығын ұрпақ жадына сіңіруге бағытталған. Экскурсия қазақ эстрадасының шоқ жұлдызы, жерлесіміз Батырхан Шөкенов атындағы саябақтың тарихымен танысудан басталып, Қызылорда су тоғанынан аяқталды. Қызылорда қаласы тарихы музейінің гиді Карбозова Алтын жиналғандарды танымдық мәліметтермен таныстырды. Бұл шара азаматтық қоғам белсенділері тарапынан да қолдау тауып, «Социум-Қызылорда» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Мусаев ұйымдастыру жұмыстарына атсалысты.