«Болашақ» университетінің проректоры Кәрібаева Гүлжан Асылбекқызы жастармен кездесті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасы аясында «Болашақ» университетінің Студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Еуропада білім алған Гүлжан Асылбекқызымен Сыр жастарының кездесуі ұйымдастырылды. Біздің мақсатымыз: өз еңбегімен жетістіктерге жете білген, көпшілікке үлгі боларлық тұлғаларды ерікті жастармен жүздестіру арқылы, еріктілерімізді білімге шақыру, еңбекке баулу. Шара аясында жастарымыз өз көкейіндегі сұрақтарға тұшымды жауап алып, шетелдік білімге қызығушылықтарын аңғартты.

Диляра Ақылбек (М.Мәметова атындағы Қызылорда педогогикалық жоғары колледжінің студенті, белсенді жас):

Гүлжан ханыммен кездесу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шетелде білім алу менің алдымдағы мақсатыма айналды десем де болады. Осындай сүбелі жүздесулер жиірек ұйымдастырылса деген тілегіміз бар.

Зарина Азаматова («Болашақ» университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі, белсенді жас):

Оқу орнымның тәрбие саласындағы жаңа проректорымен кездесу өткізіледі дегесін, университетіміздің жастарымен келген едік. Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыс тәжірибесі мен шетелдегі алғашқы қиыншылықтары бізге өте қатты әсер етті. 2 сағаттық кездесуден алған әсеріміз ерекше болды. «Рухани жаңғыру» орталығына айтар алғысымыз шексіз. Біз біргеміз!