Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы

«Отбасы күні» мерекесінің маңызы зор. Себебі, адамзат баласы үшін ең қастерлі, ең аяулы құндылық – өзінің отбасы.

Осы айтулы мерекеге орай, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұжымы қаламыздағы Сейітбаевтар отбасына құттықтап барды.

Бұл шаңырақ өздерінің мұқалмас жігер, қажымас қуатымен көпке үлгі. Тағдырдың қатал сынына мойымай күресіп келеді. Отағасы Бақытбек аға такси болса, отанасы Күләш апай тігін тігеді. Шебер қолдарынан шыққан бұйымдары сұранысқа ие болғасын қарап отыра алмайтынын тілге тиек етті.

Масылдық пен мүсіркеуге жандары қас. Еңбекпен тапқан нанның қадірін біледі. Қыздарын да үлгілі тәрбиемен жоғарғы оқу орынында оқытып отыр.

Орталық директоры Уәлихан Серікұлы мерекемен құттықтап, ұжым атынан мерекелік тарту ұсынды.

Шаңырақтағы жып-жылы қарым-қатынас, көздеріндегі сүйіспеншілік пен мейірім бізді тәнті етті. Қанағаты қаптың түбінде жүрер талай дені сауға үлгі екен деп тарастық.