Жалынды жастардың жарқын ісі

«АРАЛ МЕЙІРІМІ». Бұл – Арал ауданындағы жалынды жастардан құрылған қоғамдық қор. Теңіз төскейінде шағын құрамнан жасақталған жанашыр жандарды қолдаушылардың қатары қазір көбейген. Себебі ізгілік жолында атқарған істері атанға жүк боларлық. Біраз істің жолашары, көп шаруаның көшбасшысы болып жүр. Еңбегіне ақы сұрамайтын ерікті жастардың ізгі жұмыстары елдің алдында, көптің көңілінде жүр. Осыған дейін ауырғанға демеу, үйі жоққа қолдау көрсетіп келген қоғамдық бірлестік мүшелері карантин кезінде де қарап қалған жоқ, азаматтық міндетінен айнымады. Індетпен күресте бірлік қажет екені айтпаса да түсінікті. Сол ынтымақты ту етіп келе жатқан аралдық жастардың азаматтық істері баршаны қуантады.

Еуропа #АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ дейтін ұғымды әлдеқашан қалыптастырған. Осы бір ұғымды осыған дейін естіп жүрміз, бірақ тереңіне бойлап көрдік пе, білмеймін. Еуропаға көз салыңызшы немесе әлеуметтік желіден көріп те жүрген шығарсыз. Кәрі құрлықта бір күнін немесе уақытының бір бөлігін қоғамдағы игі іске арнау қалыптасқан. Мейлі жас, мейлі кәрі, әлде басшы, әлде қарапайым қызметкер болсын қоғам алдында өз міндетім бар деп есептейді. Қолынан келгенін аянып қалмайды. Бұл – айналасына деген мейірім, адамдарға құрмет. Әлбетте бұндай ізгі жолды ұстанған жанашырлар арамызда да аз емес. Сондай жандардың арқасында біз адамдық қасиеттерден айнымаймыз.

Пандемия басталғалы «Арал мейірімі» жақсылықтың жаршысы болып келеді. Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда біраз жұмыс орны уақытша жабылғаны белгілі. Көп адам кіріссіз қалды. Бұл табысынан айырылған азаматтарымызға оңай болған жоқ. Бір айлыққа қарап отырған отбасыларды да болмады деп айта алмаймыз. Осындай сәтте қоғамдық қор жастары табысынан айырылған азаматтарды, тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көптің көңіліне демеу болды. Одан бөлек ақпараттық қолдаулар көрсетіп, төтенше жағдай кезіндегі блок-посттағы жағдайларды жариялап отырды. Бұның барлығы туған жерге, елге, қоғамға деген жанашырлықтың көрінісі. Бұл ізгі істерін заматтық парыз деп есептейді.Жақында жастардан құрылған жанашыр құрам тегін дәрі-дәрмек таратып, көптің алғысын алды.

– Артық ауыз сөз айтудың да қажеті жоқ сияқты. Себебі, жағдай баршаға белгілі. Өткенде ауданда дәрі тапшылығы біршама сезілді.

Медициналық аппараттар жетіспегенін де жоққа шығара алмаймыз. Осындай қиын сәтте үнсіз қалғанымыз әсте жарамайды. Содан біздің ұжым тапшылық тудырып жатқан Асперин, Парацетамол, Глюкоза, Мукалтин, Ампицилин таблетка, Антигрипин, Грипго сияқты дәрілерді шын мұқтаж, аса қажет деген 23 жанға таратты. Бұл тек бастамасы. Игі іс алда жалғасын табады, – дейді қор төрағасы Әбілқайыр Қаражанов.

Шындығында бұл дәрі-дәрмектерді де табу оңай болмаған, өзге аймақтан алдырған. «Бірлігімізді танытатын уақыт. Артық дәрілер болса, тұрғындар бізге әкеліп тапсырса, біз келесі бір жанның қажеттілігін өтер едік» – дейді Әбілқайыр. Осылай бір жанның болса да денсаулығын түзеуге мүмкіндік болатынын айтады.

Аталған қоғамдық қор талай отбасыны азық-түлікпен, киім-кешекпен және қыстық отынмен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, жалғызбасты анаға баспана тарту етсе, қарт ананың үй құрылысына, ауру балалардың еміне қаражат жинап, қаржылай көмек көрсеткен.

«Арал мейірімі» қоғамдық қоры 2019 жылы «Арал мейірімі» «VOLUNTEER FEST» облыстық жас еріктілер фестиваліне қатысып, облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, аудандық білім бөлімі басшысының алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар, 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік ұйымы» атағын иеленді.

Әбілқайыр жақында тағы бір жағымды жаңалықты елмен бөліспек. Қордың ұйымдастыруымен көп балалы отбасыға үйдің кілтін табыстамақ. Қанатымен су сепкен жомарт жүрек жандар мен мұқтаж жандардың арасына алтын көпір болып жүрген жігерлі жастардың жарқын істері бізді қуантады.

Света Артықбайқызы,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы