Кемеңгер тұлға

Уақыт – атқарылған істің төрешісі, тұлға үшін таразы. Ердің жасы елуде тәуелсіз Қазақстанның тізгінін ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылға жуық уақытта қысылтаяңнан шыққан елді қуатты мемлекетке айналдырған ерен еңбегі қазір-ақ лайықты бағасын алды. Дегенмен болашақта оның өнегелі жолы ұрпақ үшін мол тәжірибе болып өріле береді.

Себебі Елбасы салған сара жолмен мемлекетіміздің дара келбеті қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласын оқи отырып, осындай ой түйдік. Елбасының ел үшін жасаған тәуекелдерін жан-жақты кестелей өткен мақаладан Тұңғыш Президентіміз бен тұтас Қазақстанды бір-бірінен бөле-жара қарай алмайтыныңды түсінесің. Шынында да тарих жолы үнемі тақтайдай тегіс бола бермейді, қалтарыс-бұлтарысы, шиыр-шатпағы қатар жүреді. Сол сан сынақтың арасынан саңылау тауып, жұртын ерте білу ердің ерінің қолынан ғана келер. Кез келген қалыптасқан мемлекеттің бастауында, даму жолында өзінің белгілі тұлғалары тұрады. Міне, жаңа заманның тәуелсіз Қазақстаны жайлы айтылғанда ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлын мақтанышпен сөз етеміз. Ұлы Дала төсінде қайта жаңғырған егемен жас мемлекеттің өткенде кеткен еншісін қайтару үшін бар қажыр-қайратын сарып ете білген кемеңгер тұлғаның келбеті қанша уақыт өтсе де сәулелене береді.

Мақалада Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бергі қарай еңбектерінің жылнамасы түзілген. Қарап отырып, қайран қаласың. Бір ғана адам осыншама ауқымды істі қалай атқарған? Бір жүйеден шыққан халықты екінші бір жаңа заманның иіріміне бейімдеп, сана-сезімін өзгерту үшін қаншама ерік-жігер керек? Экономика құлдырады, табыс жоқтың қасы, халық құлазыған күйде. Шекарасы әлі де шегенделмеген мемлекетті аңдыған ішкі-сыртқы жау да жоқ емес еді. Елдің жүгін көтерген ер үшін бұл үлкен жауапкершілік. Тар жолдан тайқымай шығу үшін суық ақыл, салқын сабыр, жылы жүрек қажет болатын. Осындай қасиеттің барлығын бойына жиған кемеңгер көшбасшы бұл сыннан сүрінбей өтті. Қазір Қазақстан экономикалық әлеуеті арта түскен, шетелдіктер үшін инвестицияға қолайлы келбетті мемлекет. Әлбетте сырт көз өз қаржысын құю үшін алдымен елдің ішкі тұрақтылығына қарайды. Бұл инвестициялық тартымдылықтың басты кілті. Ал мұндай критерийлер табылған елден кез келген шетелдік компания бас тартады. Сондықтан елін қуатты күшке айналдыруды ойлаған басшы үшін ауызбіршілік бірінші орында болуы тиіс. Сан ұлттың ұясына айналған байтақ далада бастапқыда алауыздықтың лебі соқпады деп айта алмаймыз. Әр жерден қаңқу сөз қуалаған тентектер де табылды. Алайда бар ұлтты бір идеяға ұйыстыра білген Елбасы сан халықтан шашау шығармай, ортақ шаңырақ астына топтастыра білді. Кез келген ұлттың өзін еркін сезінуіне жағдай жасады, бір мемлекет идеясына жүгіндірді.Бастапқыда «алдымен – экономика, сосын – саясат» ұстанымын алға тартқан Тұңғыш Президент елдің әл-ауқатын көтерудің маңызды екенін ұғынды. Бұл мақсатқа жетті де… Ендігі кезекте ұлттың тарихи мұраларын түгендеу миссиясы тұрған еді. Себебі құр экономикамен озық елдердің қатарына қосылу абырой әкелмейді, тіпті мүмкін емес десек те болады. Сондықтан руханият қызметшілеріне қолдау қажет. Бұл үшін «Мәдени мұра» бағдарламасын жариялағаны баршаның есінде шығар. Осы арқылы талай ұлттық құндылықты жинақтап, жер-жерден жаңа деректер топтастырылған еді. Сонымен қатар алыс-жақын шетелдегі тарихи құжаттарға да қолымыз жетті. Ежелгі қалаларымызды зерттеу қолға алынды. Тың мағлұматтар мемлекетіміздің тарихын тереңдете түсуге зор септігін тигізді. Осы сөзімізге дәлел ретінде тәуелсіздік жылдарынан бергі аймақтардан жаңадан ашылған музейлерді айтсақ жеткілікті болар.Одан бөлек «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы да қаншама құндылығымызды қайта жаңғырттық. Бағдарламалық мақала негізінде «Туған жер», «Атамекен», «Жомарт жүрек» секілді көптеген бағыттар жүзеге асып, халықтың тарихпен тынсытауына мол мүмкіндік ашылды. Ұлт деген ұғымға жаңаша көзқарас қалыптасып, ол этникалық деңгейден мемлекетшілдік мөлшеріне дейін жол салды. Жердің шетіндегі ауыл-аймақ тарихынан, мемлекет шежіресіне дейінгі тізбек қалыптасты. Міне, бұл – қазақ тарихының тұтас келбеті. Осы орайда Қызылорда облысында үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру» орталығы ашылғанын да ерекше атап өткім келеді. Бүгінде осы орталықта аймақтың рухани қазынасына қызмет етіп отырғанымыз тәуелсіздігіміздің жемісі деп білемін.

Уақыт қашан да сайдың тасындай серкелерді іріктеп алады. Уақыт безбеніне шыдамағандар сахнадан түсіп қалатыны да жасырын емес. Еліміздің Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол тағдыр таразысында өз биігінен түскен жоқ. Керісінше ел артқан сенімді жауапкершілікпен арқалай білді. Оның кемеңгерлігі – елін сүйгендігінде, оның даналығы – халқына қалтқысыз қызметінде.

Света Үсенқұлова,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы