Ғұлама ғалым, абайтанушы ардақты ағамыз 90 жаста

9-мамырда ұлтымыздың маңдайына біткен марқасқаларымыздың бірі – Мекемтас Мырзахметов ағамыз торқалы 90 жасқа толды.

Мәкеңнің ғылыми жетекшілігімен осыдан 5-6 жылдай бұрын шырайлы Шымкентте бүгінде көпшіліктің көзайымына айналған «Қазыналы Оңтүстік» кітапханасын әзірлеуде бірге жұмыс бастаудың сәті түскен еді. Сондай кездесудің бірінде не толқытқанын қайдам, ағамыз өз өмірі жайлы өте ауыр естелік айтқаны еске түсіп отыр. Ол былай: Қазір зұлмат кезең деп айтылатын 1930 жылдары әміршіл кеңестік жүйенің қазаққа қарсы қолданған қанқұйлы саясаты салдарынан елде аштық орнаған тұс екен. Асыраушысынан айрылған анасы емізулі Мекемтасын омырауына қысып, 5-6 жасар қызын қолынан жетектеп ағайын жағалап шығады. Бір ауылға жете бергенде бұларды ұялы қасқырлар қаумалайды. Не істерге білмей жылармен болған байғұс анасы үшеуінің түгел құтылмасына көзі жеткенде қызын аш қасқырларға қалдырып, еркек тұқым ғой деді ме екен, Мекемтасын ала қашады. Сол қасіретті кезеңнен ағамыз осылай тірі шыққан екен…

Өмір бойы өзегін өртеген осы сұмдық оқиға есейгенде оның кеңестік жүйеге деген қайшылықты көзқарасын шығармашылығы арқылы ашық та, астарлап та білдіруіне түрткі болғандай.

Мекемтас аға бар саналы ғұмырын ғылымға, елінің рухани-мәдени азаттығы жолында еменнің бұтағындай иілмей қызмет етуге арнаған бітім де бүтін тұлға.

Алаш алыптарының жалғасындай ғұлама ғалым, абайтанушы ардақты ағамыздың 90-ға келген торқалы тойы барша қазаққа құтты болғай!

Ізгі ниетпен,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Н.К.Мыңжас