Ойды ой қозғайды

Елбасының бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын ұлтымыздың таным көкжиегін кеңейтіп, мемлекетіміздің әлеуметтік-саяси әлеуетінің артуына айрықша серпін берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаны баршаға белгілі. Осы мемлекеттік бағдарламаға айналған мақаланың мәні мен маңызы жөнінде сәуірдің 13-де мемлекеттік хатшының ой-орамдары бас газетіміздің бетінде көрініс тапты. Дегдар болмысты тәжірибелі мемлекеттік қайраткердің болашағымызға қатысты тереңнен толғаған тұжырымдары кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны анық. «Ойды ой қозғайды» деген жосықпен жазылған жәйдан алған бірқатар әсерлеріммен бөліскенді жөн көрдім.

Қ.Елеуұлы аталған Бағдарламаға негіз болған Рух ұғымына айрықша ден қойған. Автор: «Рух – ұлы ұғым. Рух – ой мен сананың шоқтығы. «Сөз – адамның ішкі рух құралы» деген ғой данышпан Абай. Рухқа қатысты сөздің бәрі де (ел рухы, ұлттық рух, халықтық рух, отаншылдық рух, рух тазалығы, рухын көтерді, рухын шақырды деген сияқты) адамды биіктікке шақырып тұрады. Сол ұлы ұғымнан табиғи түрде таралатын, адамның ой-санасына, ішкі дүниесіне байланысты айтылатын руханилық – мемлекеттіліктің басты ұстындарының бірі. Рухани әлемі таза ел – рухы таза ел, рухани тұрғыдан күшті ел – рухы күшті ел» дейді. Қысқа да нұсқа анықтама. Көзге көрінбеседе адамды адамгершілік қасиеттерден айырмай, оны елдікке, мемлекеттік мұраттарға жетелейтін рухтың қуаты екені дөп басып дәл көрсетілген. Мұндай тұжырымға келу үшін автордың өзінің де рухы биік, таным көкжиегі кең болуы қажет секілді. Мәселен, рухтың анықтамасын берген арыстарымызға тоқталайық. Ұлтымыздың ұстазы атанған А.Байтұрсынұлы ««Рух-халықтың жаны. Ол-ошақ басы, үйдің күнделікті қарекеті бар жерде көрінбейді… Ол «ұлы мақсат, ұлы мұрат» үстінде керек, «жұрт үшін, көп үшін» құрбандыққа шалынуға даяр болған кезіңде сезінесің. Ахмет атамыз «Әдебиет танытқыш» деген кітабында «…бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болғанда, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме-халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме» деп санайды. Ш.Уәлиханов оны «аруақ, ата-баба рухы» деп анықтаған.

«Ж.Аймауытов «Педагогика» атты еңбегінде сана деген ұғымнан жан деген ұғымды кең, терең санайды. Жазушы «жан» дегеніміз-ордадағы өкімет болса керек» деп оны ақыл, қайрат, сезім құбылыстарына, ал ақылдың өзін «сыртқы сезім, түйсік, перне, ұғым, жад, қиял, ойлау, зейін, ылтипат, ынта т.б. құбылыстарға» тірейді. Рух – туған жер, туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлт менталитеті ұғымдарымен, түйіндеп айтқанда, Отанмен тағдырлас. Рухты жан қара басын күйттемейді. Ол ел, Отан, халық, ұлт деп толғанады». (қараңыз: Қозыбаев М. Өркениет және ұлт. Сөздік-словарь баспасы, 2001ж., 254 бет). Қалай десек те, адами қасиеттеріміз бен ұлттық мінез-құлық ерекшеліктерімізді рухымыздың биіктігі немесе төмендігі айқындап тұратындай. Еуропа соңғы 50-60 жылда заңға бағынғыш, ұлттық рухы әлсіз, көнбіс ұрпақ тәрбиелеп шығарды. Олар қазір өз құндылықтары мен намыстарын қорғай алмайтын халде. Бұдан әрине, заңсыз өмір сүруге бейім басбұзарлар тәрбиелеу қажет деген ой тумауы керек. Мәселе өр мінезді ұрпақ тәрбиелеуде жатыр. Ә.Бөкейхан атамыз «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» десе, А Байтұрсынұлы «ұлды ұлша тәрбиелесең-ұл болады, құлша тәрбиелесең-құл болады» демеуші ме еді?!

Қ.Елеуұлының мақаласындағы мені толғандырған және бір жәйттер-адам капиталы мен ұлттық идеология мәселесі. Енді осыларға қастысты пікірлеріммен бөлісейін. Автор адам капиталына байланысты мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «адам капиталы бәсекелестікке жол ашатын негізгі артықшылық екенін ұмытпауымыз қажет» деген пікіріне сүйене отырып, «болашақтың даму тенденциялары мен жаңа бағыттарына лезде бейімделу – бүгінгі заманның басты талабы. Сондықтан адам капиталына мемлекет үнемі баса мән беріп келеді… Елімізге уақыттан оза жұмыс істейтін, білік­ті, өзгерістерден қорықпайтын маман­­дар керек. Азаматтардың бойына жасам­паздық, бастамашылдық, кәсіпкерлік және көшбасшылық дағдыларды қалып­тас­тыру – жаңғырудың негізгі өзегі болып саналады» деп түйіндейді. Қ.Елеуұлы «рухани жаңғыруды руханияттың жаңғыруы деп ұғатындар, оны сол мекемелермен шектеп қоятындар қателеседі» деп бағдарламаның мазмұнына жоғары баға береді. Орайы келгенде ұлтымыздың марқасқаларының бірі, философ Аманкелді Айталы ағамыздың адам капиталы туралы анықтамасын бере жетуді жөн санадық. Ол былай дейді: «Адами капитал дегеніміз не? Әдетте, капитал десе біздің ойымызға қаржы, байлық, ақша, құн, мұнай, газ, алтын мағынасында түсінік келеді. Ал, бүгінгі күні адам капиталы дегеніміз адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бүгінгі бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы. Осыған байланысты білім енді экономикалық категорияға айналды, ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары болады… Адами капитал деп тек білімді, парасатты, дәулетті адамды айтамыз. Бұл ерекше капитал, ол адамнан бөліне алмайды, алып-сатуға келмейді, көзге көрінбейтін капитал, оның ықпалы, игілігі бірден көрінбейді де». Аманкелді ағамыз одан әрі Питирим Сорокин деген әлеуметтанушы ғалымның В.Ленинмен үлкен пікірталасқа түскенін жазады. Сорокин социалистік қоғам құрамын деген большевиктердің көсемі Ленинге «Сіз социализм қоғамын құрамын дейсіз. Сіздің адамдық материалыңыз қандай? Кімдермен құрасыз? Ресей социализмге әлі дайын емес. Сіз оны күшпен, не қуғын-сүргінмен құрмасаңыз, адамдық потенциал Ресейде жоқ» деген уәжін келтіреді. Расында кейін социализм құру әкімшіл-әміршіл жүйенің тоқпағы арқылы қанды жолмен іске асырылғаны белгілі. Автор әрі қарай «қандай да қоғам болмасын, сол қоғамның жағдайы ең алдымен, оның азаматтарының қадыр-қасиетіне, біліміне байланысты» деген Сорокиннің тұжырымына тоқталады. (қараңыз: Айталы А. Адами капитал деген не? Ақиқат, №5, 2017ж., 28 бет). Көріп отырғанымыздай, адам капиталы жаңа қоғам құрудың, жаңарудың негізгі шарты болып шығады. Ресейдің танымал қоғамтанушыларының бірі А.И.Фурсовтың «Колокола истории» кітабындағы «…Өзі өмір сүріп отырған қоғам жайлы тек өзіндік және еркін рациональды түсінік қана адамдарды тарих соққан қоңырау үнінен үрейленбеуге үйретеді…. Адам болу жолын білген және нағыз адам болған маңызды. Әлеуметтік Әлем өзгеріп, тарихтың қоңырауы соғылған кезде бәрі адамға байланысты болатынын үйрене білген абзал» деген пікірі ешкімнен ештеңе күтпей еркін өмір сүріп, адамдық қасипеттерді жоғалтпау қажеттігіне айрықша көңіл бөледі. Яғни, индивидті тұлғалық деңгейге бағыттай отыра, оның азаматтық санасын ұдайы өсіріп отыруға қолайлы жағдай туғызу мәселесі мемлекеттің басты мұраты ретінде күн тәртібінен түспеуі тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекет адам сапасын арттыруға барынша мүдделі болуы керек. Бұны бір бағдарламаның шеңберіне сыймайтын жалпыұлттық мұрат деп санаймыз. «Су сүзілмейді, тамыр үзілмейді» дегендей, Бағдарлама аясында жастардың ұлттық кодты сақтай отыра, дүниетанымдық көзқарастарының тұтас қалыптасуына қажетті бағдар берілетін болады. Ал жалпы сапалы адам тәрбиелеу ісі бірінші кезектегі мәселе ретінде жаппай қолға алынуы қажет. Бұл ретте тәрбие берудің мемлекеттік стандарттарына елеулі мазмұндық, яғни ұлттық ұстанымдар енуі шарт. Тәрбие ісінде бізге Өзбекстан, Жапония, оңтүстік Корея, Малайзия елдерінің тәжірибесі үлгі бола алады деп ойлаймыз.

Қырымбек Елеуұлы мақаласында ұлттық идеология мәселесіне бірнеше рет оралады. «Ұлттың идеологиясын қалып­тас­тыру жекелеген азаматтардың санасын жаңғыртудан бастау алады. Және ұлт­тық бірегейлікті сақтау ұлттық сананың кемел­денуін қажет етеді… Ұлттық сана – адамды мемлекетімен, қоғамымен біріктіріп отыратын рухани феномен. Сондықтан ұлттық идеологияның болашағын қоғам талқысына салу ең дұрыс шешімдердің бірі. Жаңғырудың қадамдарын халық саналы түрде өзі таңдауы тиіс» деп болашақтың бағдарын таңдауды көпшіліктің талқысына ұсынады. Ендігі кезекте, білімі, тәжірибесі жеткілікті болсын мейлі болмасын қанында құлдың емес, қайсар қазақтың қаны бар барша намысқой азаматтарымыз осы ойталқыға белсене араласып, ұлттық идеологиямызды қалыптастыру ісіне батыл атсалысуы тиіс. Американың 32-ші президенті Франклин Делано Рузвельт айтқандай, «бізге үрейдің өзінен басқа ештеңеден қорқып керегі жоқ».

Қасиетті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерінде Аллаһ Тағала айтады: «өздерің үшін алдын-ала қандай жақсылық істесеңдер, оны Аллаһ Тағаланың қасынан табасыңдар. Ол зор сыйлық, үлкен сауап» (Мүзәммил сүресі, 20 аят) деген бар. Бірнеше сарапшы-ғалымдардың пайыдауынша, идеология дегеніміз-әлеуметтік әділеттілікке арқа сүйейтін болашақтың көрінісі, образы. Ең бастысы, оның мазмұны өте қарапайым, сонысымен көпшілікке түсінікті болуы шарт. Тарихи тәжірибеде идеология әдетте, дағдарыстан бастау алады. Оны ешкім кез келген уақытта қолдан жасай алмайды. Идеологияның негізгі ұстанымдары осындай қысылтаяң кезеңде құрылған. Ол сонымен бірге мемлекет пен қоғамды біріктіруші фактор саналады. Осы ретте замандасымыз, қоғам қайраткері Марғұлан Сейсембайдың «мемлекет пен қоғамның бірігуі-дағдарысты еңсерудің алғышарты» деген орынды пікірі ойға оралады. Әлемді короновирус дерті оттай шарпыған тұста пандемиямен қабаттас келген экономикалық дағдарыс кезеңін оңтайлы пайдаланып, бізге ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға қайталанбайтын тарихи мүмкіндік туып отырғандай. Жоғарыда пікірі келтірілген реесйлік ғалыма А.И.Фурсов «…алдағы уақытта қала-мемлекеттер пайда болуы ықтимал. Банктер үшін мемлекет бухгалтерлік есеп кітабы сияқты және халық пен ірі өнеркәсіп орындарынан салық жинап берушінің рөлін ғана атқаратын тетікке айналуы мүмкін. Сонымен бірге экономикалық өсім болған сайын әлеуметтік әділетсіздіктің де күшейетінін қаперден шығармаған маңызды» деген байламы арқылы дербес саясат ұстануға шақырады. Демек, идеологема емес, терең мәнді ұлттық идеология келешекте ұлт мүддесін экономикалық категориялардан жоғары қоятын басты бағдар-ұстаным да болмақ.

Әлемде мұнай бағасы төмендеп, орыс пен қытайға тәуелдігіміз бәсеңдеген бүгінгі күні бар ынта-шынтымызбен мемлекет басшысының күрделі реформаларды табанды түрде әрі әділетті қолға алып, ұлттық идеологиямызды қабылдауына қуатты қолдау білдіруіміз маңызды деп ойлаймын. Айта кететін бір жәйт, көрші Ресейдің Конституциясында ұлттық идеология құруға тиым салынған. Ол Ресейдің таңдауы.

Саяси-идеологиялық маңызды мәселелерге терең талдау жасау арқылы болашақтың бағдарын бағамдай келе Қ.Елеуұлы мақаласында «Бір ақиқат бар: енді әлем бұрынғыдай болмайды…» деген қорытындыға келеді. Бұны саяси алгоритм десе де болғандай. Ал енді Қазақстанның ертеңі, ұлтымыздың тағдыры не болмақ?!

Мыңжас Нұрлыбек Кәрібозұлы,
облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының директоры,
«Құрмет» орденінің иегері