Қ. Көшербаевтың мақаласын оқығаннан кейінгі келген ой

Қазақта «Су түбінде жатқан тас – жел қозғаса шығады, ой түбінде жатқан сөз – шер тарқатсаң шығады» деген нәпіл сөзі бар. Қырымбек Елеу ұлының «Егемен Қазақстанға» жазған мақаласын оқып, көңілімнің түбінде жатқан шерлі оймен бөліскім келді. Мемлекетте ұлттық идеология, ұлттық бағдар болуы керек. Ұлттық бағдар нық болмайынша,ұлт мәселесі шешілмейді. Мен қазақ ұлтының азаматымын деп айту үшін Ә.Кекілбаевша айтқанда біріншіден, жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін-руани ерлік керек, екіншіден, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін-рухани байлық керек. Және оны қолдайтын үкімет керек.

 Ұлттың тәуелсіз болуы, мемлекеттің өз алдына дербес тәуелсіз болуы – қазақ халқының сан ғасырға созылып келе жатқан арманы, сол жолда жер мен ел үшін өмірінің басым көпшілігін соғыспен өткеріп,  тәуелсіздік жолындағы ойларын өлең-жырлары мен күйлері арқылы халқын рухтандырып келеді. Қазақ халқының шежірелі тарихы – тұтастай ұлттық арманы – жүздеген жылдар бойы тәуелсіз ел болу жолында құрбан болған батырлар, тұтастай ұрпақтардың тарихынан тұрады. Сондықтан да халқымызда тәуелсіздікті – киелі де, қастерлі ұғым деп есептейді. – Көне түркі жазба ескерткіштерінде жазылған «Мәңгілік Ел» болу идеясы бүгінгі күні Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің маңызды құндылығы. 

ҚР-ның Тұңғыш Президенті Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев  идеологиялық тұғырнама ретінде «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын бекіткен болатын. Осы мәселені зерделеу, құндылықтарын ашу, оны халыққа, жастар мен жасөспірімдерге насихаттау қажеттілігі туындап отыр.

Кез келген мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени қызметтерінің қатарына және ең бастысы болуға тиіс қызметі – бұл идеологиялық жұмыс болуы керек. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында Қазақ елінің жерін бөлшектеу саясатына қарсы шығу мақсатында жазылған бір ғана ән аз қазақтың басын біріктіріп, бөлшектенгелі тұрған жердің тұтастығын сақтап қалған болатын. 

Патриоттық бір әннің құдіреті елдің тұтастығы мен жерінің байлығын сақтап қалуға ықпал етті. Қазіргі идеологиялық жұмыс зияткерлік әлеуеті жоғары, ұлтының мәдениеті мен рухани құндылықтарын сақтауға, көрсетуге ұмтылатын, ұлттар мен ұлыстардың қарым қатынасындағы мәдениетті жоғары дәрежеде меңгерген, өз ұлтының санасы мен дәстүрлерінің стереотиптерін меңгерген, басқа ұлт өкілдерімен салихалы сұқбат құра алатын жастардың жаңа буынын, әлеуметтік белсенді қоғам мүшелерін қалыптастыруға бағытталуы керек.  

Кез келген мемлекеттің ұлттық идеологиясы – ұлтжандылық кепілі. Тарихи-хронологиялық тұрғыдан келетін болса, Қазақстанның ұлттық идеясының жасы қазақтың өзімен жасты. Ұлттық идея немесе рухани күші сол қазақ этносымен бірге дүниеге келіп, сол қазақпен тарихтың әр кезеңдерінде мемлекетті құрушы халықтың ой санасы мен рухын дамытуға қызмет етіп келеді. Алдында ұлттық мұраты жоқ ұлттың – ұлт болып қалыптасуы да, сақталуы да, дамуы да мүмкін емес.

Бұл менің ғана субъективтік пікірім. Қазіргі Қазақстан жағдайында мемлекеттің ұлттық идеологиясын таппайынша елде болып жатқан реформалар қарын тойдыру, жемқорлық, халықты масылдыққа әкелетін, жастардың өмір сүру бағытын тануға мүмкіндік жасай алмайтын іс-шаралар сияқты көрінеді.

Рухани қуаттың құндылықтары мен ұстанымдарын халық арасында мейлінше бекемдеп, мысалы балабақшадағы бүлдіршіндерден, мектеп оқушыларына, жоғары және орта білім орындарындағы, жұмыс істейтін жастарға жеткізу, оны насихаттауды пәрменді жүргізу керек. Оны осы жас буынға кім жүргізеді, үйретеді деген  арнайы қарастыруды керек ететін мәселе. Ұлттың рухын оятатын іс-шаралар жылт ете,қылт ете қалып көзбояушылықтан аулақ болса.

Ұлттық идея – ұлттық сана сезімге, отаншылдық патриотизмге әр халықтың ойлау қабілеті мен әдет-ғұрпына, ұлттық салт-дәстүрін сақтайтын рухани байлығына негізделеді.  Ондай байлық бізде болған. Содан адасып қалдық. Менің ойыша, Ел басқаратын мейлі ол облыс әкімі болсын, аудан әкімі болсын оның бірінші орынбасары, баяғы қара қылды қақ жарған Бұхардай  ел мен әкімді байланыстыратын, әкімге өтірік өтчет беретін емес, шын мәнінде халықтың мұңы мен мұқтажын, ойы мен арманын, рухы мен санасын тәрбиелейтін  халықшыл идеологиялық орынбасар болу керек. Ол елдің рухани дамуы мен халықты отаншылдыққа тәрбиелей алатын адам болу керек. Ал бізде осы Елбасының жақсы идеясын өтірік, көзбояушылық шаралар арқылы өткізіп, елге де,  мемлекетке де пайдасы жоқ істер өткізіп, халықтың жоғары жаққа деген сенімін төмендетеді.

Ойымды қорыта келе, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы болсын, жақында жазған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы болсын қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін сақтауда рухани сана сезімнің қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп отыр. Қазақтың рухын көтеретін батырлыр жырында ел қорғаған батырдың атына айтатын серті бар «желдей ұйытқып,шаба алмасаң, саған серт, жауды шаба алмасам, маған  серт» деп өзінің де, астындағы атының да рухын көтерді екен.

Түсінер құлаққа қарапайым халықтың өкілі ретінде біраз ой айтып, шер тарқаттым. Керегі болса ал, керегі жоқ болса алма. 

Айтбаева Айман Ералықызы,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті,
«Рухани жаңғыру» орталығы жанындағы Сарапшылар кеңесінің мүшесі