Жас ұрпақты ата-бабалар тәжірибесінің ең жақсы мұраттарына тәрбиелейік

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаев Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шығуына 3 жыл толуына орай елімізде атқарылған және қол жеткен нәтижелерге жан-жақты сараптама жасап, алдағы уақытта қоғамдағы болып жатқан жағдайларға түбегейлі жаңаша көзқарасты қалыптастыруға бағытталған мәселелерді түйін-түйінімен атап көрсеткен. Бұл мақала шынайылық пен прагматизм негізінде халықтың рухын өсіруге, елдікті ойлауға, есті болуға жетелейді.

Рух білгірі Абай мақтаншақтық, масылдық жайында «тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген ойы мақаланың негізгі тұжырымының бірі.

Иә, қазір мақтанатын кез емес. Мемлекеттік хатшы «Жаһандық пандемия адамзатқа табиғат алдында ұмытқан борышын да еске салды. Отбасылық құндылықтың, туыстық қатынас пен бауырмалдықтың, дәстүрлеріміз бен рухани мұрамыздың қадірін түсіндірді» деп отбасы институтының құндылығын бағалауда түбегейлі бетбұрыс қажеттілігін міндеттеді.

Әрбір адамға ең жақын, ең ыстық орта – ол оның отбасы. Сонымен бірге, ол отбасы, отбасы институты Қазақстан қоғамы тұрақтылығының кепілі, факторы.

Сондықтан отбасы тәрбиесін халықтандыру, құндылықтар жүйесін күшейту, отандық, мемлекеттік маңыздылығын, мазмұнын нығайту бүгінгі өзекті мәселенің бірі.

Оны шешуде, мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыруда отбасы тәрбиесінің күрделі мәселелеріне рухани ғылым деп қарап, ғұлама педагог-классиктердің осы уақытқа дейін өміршең, құнды идеяларының, халықтық педагогиканың рухани-тәжірибелік мұрасының, әлеуметтік ғылым-білім мамандарының өзара ықпалдасуы негізінде ата-аналардың педагогикалық мәдениетін жетілдіру ісі де ерекше роль атқаратыны мақалада айқын көрсетілген.

Белгілі ғалымдардың «халықтық педагогиканың мақсаты – жас ұрпақты ата-бабалар тәжірибесінің ең жақсы мұраттарына тәрбиелеу» деуінде құнды негіз бар.

Олай болса, қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениеті ұлттық сананы тәрбиелеуде ұлы мұраттың бір көрінісі, әлеуметтік тәрбиелік құралы деп сенімді түрде қабылдап, іс жүзінде асыруымыз қажет деп ойлаймыз. Мақалада жүктелген міндеттердің бірі де осы емес пе?

Әлима Әбдіхалықова,
Қызылорда облыстық “Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі