Бір мүдде, ортақ мақсат

Өңірлік коммуникация қызметінде облыс әкімінің орынбасары Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылы атқарған жұмыстары және 2020 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.
«Ендігі кезекте санға емес сапаға жұмыс жасау маңыздылығын алға қойып отырмыз» деді облыс әкімінің орынбасары.
2019 жылы Бағдарламаны іске асыру барысында түрлі форматтағы 283 жоба енгізілді. Аталған жобалар аясында жыл басынан бері Сыр өңірінде 2000-нан астам іс-шара ұйымдастырылды. Барлық ұйымдастырылған шараларға облыстық бюджеттен 476,8 млн. теңге бөлініп, жеке компаниялар, демеуші азаматтар мен меценаттар есебінен 4,6 миллиард теңге қаржы тартылған екен.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» институты 2019 жылы іске асырылған «Сәтті жобалар жинағын» шығарған. Аталмыш жинаққа біздің облыстан «Қорқыт ата мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 3 тілде шығарылған «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы мен «Ізденіс» жасыл академиясының жастарды бау-бақша өнімдерін өсіру арқылы еңбекке баулу жобалары енгізілген. Алдағы уақытта осы Академияның тәжірибесін облыстағы барлық мектептерге тарату көзделген.
«Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарына 204 түрлі шара енгізілді.
Оның ішінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» кітабы негізінде «Болашақ» университеті мен Ұлыбританияның Oxford (Оксфорд) колледжімен онлайн-сұхбат алаңы мен «Экософия және жастар» тақырыбында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының жастарымен телекөпір сынды тұлғаны дамыту бағыты бойынша шаралар ұйымдастырылады.

Ұлттың дамуы, халықаралық позициялау бағыты аясында өткізілетін «Ертегі – тәрбие берудегі ізгіліктің бастауы» атты ертегі айтушы әжелердің байқауы мен «Адал ұл ер боп туса, ел тірегі» атты әкелі-балалы жұптар сайысы әкенің қоғамдағы ролін арттырып, ұрпақ тәрбиесіндегі рухани қорды күшейтпек.
Мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы бағыты бойынша азаматтардың ысырапшылдық деңгейін төмендету мақсатында “Тал бесіктен-жер бесікке дейін” тақырыбында прагматикалық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Өзге жиындардан ерекше өткен брифингте тек атқарылған жұмыс жайы мен жоспарлар ғана емес, сонымен қатар, рухани әңгімелер де айтылып, БАҚ өкілдерінің бірқатар ұсыныстары ортаға салынды.