Ер Сейітпенбет әулие

Ер Сейітпенбет әулие кесенесі Фото: Скендиров Айдынбек

Қиын бір жылдарда арасында қожасы бар, басқасы бар: «мен қожамын» деп, елді аралайтын күмәнді сәлделілер ауыл-елде қаптап кетіпті. Қожа сыйлаған халық «қожамыз» дегеннің  бәрін, әруақты сыйлап, төріне шығарады екен. Сөйтіп жүргенде Кіші жүздің ақсақалдары: «нағыз қожа, шын әулие адам болса бізге кереметін көрсетсін. Тоқсан түйеге жүк болатын сексеуіл томарын (отын) үйіп, өртейміз. Сол отқа қорықпай түскен адамды біз әулие деп білеміз», – деп шарт қояды. Сонда өзін «мен қожамын, әулиемін» деп жүргеннің біразы елден ғайып болады. Ал Сейітпенбет қожа әлгі шартты қабыл алыпты. Академик Серғали Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітабында осы аңыз былай сипатталады: «…От бірден-ақ лаулап жанып, тез құлашталған жалын аспанға шығып жанып, бірте-бірте бәсеңдейді. Қоршап тұрған халықтың екі көзі әулиеде. Біртіндеп қызыл жалын саябырлап, сағымданып, жанып жатқан оттың ішінен Ер Сейітпенбет көрінеді. Қызыл шоқ сөніп, қарауыта берген кезде ол аса таяғы қолында: «Иә, Алла!» деп аман-есен шығады. Жұрт: «Иә, Құдайлап» шулап, қол қусырып, қожаның аяғына жығылып, әулиешілігіне, кереметіне тәнті болып, құрбандық шалып, Сейітпенбетті пір көтереді». Міне, осы оқиғадан соң ел Сейітпенбеттің есіміне «Ер» деген атауды қосып «Ер Сейітпенбет қожа» деп атайды.

Оттан аман шыққан әулие Ер Сейітпенбеттің шапанының шалғайының бір ұшы ғана күйіп, сарғайып қалған екен. Мұның мәнісін сұрағандарға әулие: «қыз бала нәрестені алдыма алып отырғанымда шалғайыма дәреті тиіп еді» деп жауап беріпті.

Ер Сейітпенбет көз жұмарда балаларына және мүридтеріне: «Менің мүрдемді өзімнің ақ нарыма артып, басын бос қоя беріңдер. Түйе қай жерге шөксе сонда жерлеңдер» деп аманаттапты. «Айдалаға шөксе қайтеміз? Жалғыз мола боп қалмайсыз ба?» дегендерге: «Оған бола абыржымаңдар. 40 күннен кейін қасыма досым Көккөз батыр келеді» деген екен. Көп ұзамай әулие дүниеден өтеді. Ел-жұрт аманатын орындап, Ер Сейітпенбеттің денесін ақ нарға жүктейді. Нар түйе ен даланы кесіп өтіп, Сырдарияға таяйды. Сонда ел тағы бір кереметке куә болады. Дария қақ айырылып, түйе өзеннің табанынан өтіп, Қызылқұмды бетке алады. Ұшан-теңіз тақырды басып өтіп, «Бас Сарбұлақ» (арғы жағын «Аяқ Сарбұлақ» деп атайды) деген жерге жетіп шөгеді. Әулие сонда жерленеді. Өзі айтқандай, жерлеу рәсімі болған мерзімнен 40 күн өткенде құт мекен Қызылқұмды мекен еткен батыр әрі ғұлама діндар, төлеңгіт руының көсемі Көккөз батыр көз жұмады. Батыр өлерінде өзін Ер Сейітпенбет қожаның қасына жерлеуін өсиет етеді. Туысқандары батырдың өсиетін орындапты. Жылдар өте келе Бас Сарбұлақтағы қос мола үлкен қорымға айналады.

“Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар”
кітабынан, Қызылорда, 2019 жыл, 408-б.