Сараман-Қоса мұнарасы – аңыздың екінші нұсқасы

Сараман-Қоса мұнарасы Фото: Сұлтанбаев Жетесби
Сараман-Қоса мұнарасы Фото: Сұлтанбаев Жетесби

Сараман атақты байдың жалғыз ұл баласы екен. Әкесi  жалғыз ұлын алақанында аялап, не керек етсе, соны тауып бередi. Байда жүйрiк те, жорға да, дүние де, керек десе алтындаған ер де, күмiстеген ат әбзел де болған. Сараман байлықтың  арқасында жастай ерлiк жасап, есейе келе жылқышылармен бiрге жылқы күзетiп, үйде де, түзде де болып, бес аспап болып өседi. Жылқышылардан өлең-жыр, соғыс өнерiн, күрестi, найзаласу, қылыштасу әдiстерiн қызыға үйренедi. Домбыра тартып, ән салады. Өсе келе елiне сүйкiмдi сегiз қырлы азамат болады. Тойдуманнан қалмай, күрессе жығып, садақ тартса алтын табақтағы жылтылдап тұрған алтын теңгенi көздеп атып түсiретiн болған. Әкесi баласына құда түсiп қыз айттырғысы келедi. Бiрақ бала өзiм қалағанымды алайын. Сiз маған ренжiмеңiз дейдi. Жалғыз баласының айтқанын қылуға уәде бередi.  Сараман жылқы күзетiнде жүргенде көршi ауылдың жылқышыларымен кездесiп, достасады. Жылқышыларды қонақ қылып, жылқыдан қалаған жүйрiк жорғасын сыйлайды. Ол ауылдың адамдарына Сараман ерекше, бөлек туған азамат болып көрiнедi.  Күндердiң күнiнде сол  ауылдың жылқышы жiгiттерi Сараманға бiр сыр айтады: Бiздiң елде атақты бiр бай бар, оның он ұл, жалғыз Қоса деген сұлу, әрi ақылды қызы бар. Ол қыз да болса тап сенен айнымайды. Серiлiгi де, өткiрлiгi де сенен артпаса қалыспайды. Көркi көргеннiң көзiн қамастырады, сөйлесе сөзден адастырады, еркек болып ер жеткен өнерге келсе, серiлiк таластырады, осындай қыз бар дейдi. Сараман жiгiттердiң айтуымен Қосамен танысады. Ол да кейде жылқы күзетуге келетiн болады. Екеуi ойда да, тойда да тiл табысып, көңiлдерi өсiп, дәуiр сүредi. Қосаның ағалары өте қатал, қызғаншақ, сықпар-сараң адамдар болады. Сараман қанша байлығын ұсынса да, тоң мойын ағалары қызды аттастырған жерiне бермей тынбайтын сынай бiлдiредi. Бiр күнi Сараман  мұны әкесiне айтады. Әкесi барып құда түсу жайлы айтқанда Қосаны алда-қашан бiреуге құдаласып берiп қойдық деп, бет бақтырмай әкесiн құр қайтарып жiбередi. Сараманның көңiлi жабығып жүргенiн байқаған сергек сезiмдi, ақылды қыз бiр күнi Сараманға оңаша былай дейдi. Бiз екеумiз бұдан да жиiрек кездесiп, керек десе тойларға бiрге барып, бiрге жылқы күзетiп, қызық дәуiрдi бастан өткiзейiк. Мен сен үшiн жаралған жанмын. Осы жолда мен атқан оқ, шапқан қылыштан да сескенбеймiн. Қайда жүр десең де сонда барамын. Мен аттастырған жерiме бармаймын. Өлгенше сенiмен бiрге дәурен сүремiн, мен сенi сүйемiн, сөзiмде тұрамын, – дейдi. Ақтарыла сыр ашып, сөзiн сертке балап түйiндейдi. Сараман бұған риза болып, бұлт артынан шыққан күндей жарқырап, жайнап сала бередi.  Көп ұзамай жылқы күзетiп жүрген Сараманға қыздан «Бүгiн кеткелi жатырмын. Менi тез құтқарып қал» деген хабар жетедi. Сараман қаружарағын асынып, бiрден Қосаның ауылына тартады. Күн батар алдында қыз да белдеудегi бiр атты мiне Сараманды көрiп шаба жөнеледi. Екеуi табысып, елге қарай қашады. Ауыл адамдары бiлiп қалып, аттанды салады. Бiраз жерге келгенде қыздың астындағы аты болдырап қалады. Сараман Қосаға қарап: – Анау төбеден ассаң, арғы жағы бiздiң ел, мен жауды iрке тұрамын, маған қарама, кете бер, – дейдi. Қоса жаман атпен төбеге қарай кетедi. Сараман артынан келген көп адаммен жалғыз өзi садағын тартып, қаша ұрыс салады. Садақ оғы таусылып, найзамен шайқасып жүргенiнде топтың ортасына түсiп қалады. Дәлдеп салған бiреудiң найзасы көк желкеден тиiп, жан тапсырады. Осы кезде қыз ағасының үлкенi «Қоса әне кетiп барады, жеткендерiң оны да өлтiрiңдер» деп айқай салады. Аты жүйрiгi келiп, қыздың жауырынан найзаны атады. Күннiң ұясына қиялап батуымен бiрге қыршын Қоса да бұл өмiрден кетедi. Сараманның әкесi барлық жылқының құйрық жалын  күзедi. Мыңдаған нарды саудырып, сүтiн астауға құйдырып, саз топырақты илетiп, жылқының күзеген жал-құйрығын қиып араластырып кірпiш бастырып, оны күйдiрiп, шеберлерге осы мұнараны ескерткiш етiп жалғыз баласына арнап салдырады. Сараман-Қоса аңызы осылай аяқталады. Сараман-Қоса мұнарасын халық кейiн Сараман-Қоса деп атап кеткен. Сараманның арғы жағында Қоса өлген жерде де мола салынып ел жайлаған. Ол  Сараманнан 3-4 шақырым әрiрек  тұрғызылған.