Сараман-Қоса мұнарасы – аңыздың бірінші нұсқасы

Сараман-Қоса мұнарасы Фото: Сұлтанбаев Жетесби

Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жiгiт Қосай дос болыпты. Екi дос жер көрiп, ел тану үшiн ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдариядан өтiп, арқаға қарай жылжиды. Бiр күнi Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенiнiң жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады. Бесiкте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз Сараманға көз қиығын тастап, бiр-бiрiмен үнсiз ұғысып, оңашада тiлдесiп, қашуға бел буады… Сараман мен Қосай аттары болдырғанша шауып, түн жүрiп, күндiз демалып, алты күн дегенде Сырға құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтiп, Қуаңға жетiп қонады. Ертеңiне қуғыншыларды қазiргi ескерткiш тұрған төбеге жете бергенде көредi. «Тұрақтарын бiлсе, екi жақ соғысар, егер осы қуған бетiмен қалаға кiрсе, өздерi шығынға ұшырар» деген оймен «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзiмiз болайық. Мен алдын бөгейiн, Қосай, қызды алып, Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен тiрi қалсам, сендердi табармын» – дейдi Сараман. Сонда Қосай: «Екеуiңнiң садағаң кетпесем, менiң достығым қайда?! Жол менiкi, кiдiрмеңдер» – дейдi. Бiрақ Сараман көнбейдi. Қыздың алты ағасы жиырма жiгiтiмен күшi басым болды. Жетi адам мұның жолын тұсап, ақыры Сараман қолға түседi. Қыз бен Қосай ұзай алмай жүредi. Төбенiң басына шығып қараған Қосай шайқастың бiтпесiн бiлiп, қызға: «Осы бетiңмен қаша бер. Тiрi болсаң ұмытпағайсың. Жаңағы шайқас болған төбенiң басында Жент деген қала бар. Сараманның елi сол» – дегенді жеткізеді. Қыз: «Өзiм қара жамылдым, елiне не бетiммен барамын?» – деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күшi басым қарсыластар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. …Хан жарлығымен әрқайсысын өзiнiң өлген жерiне жерлейдi. Кiрпiш бастырып, күйдiрiп, мұнара салады.