Тарихи тағылымға толы кітаптар

Өңірдің фольклорлық мұраларын жинақтаған «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар», Т. Ізтілеуұлының жаңадан табылған қолжазбасы негізінде дайындалған «Алаштың асыл мұрасы» кітаптарымен қатар, «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен ел игілігіне жасалған тартудың мақсаты тарихымызды түгелдеп, дүйім елге дәріптеу, келер ұрпаққа аманат етіп тапсыру.
Шараға зиялы қауым өкілдері, өнертанушылар, ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.


Шараны облыс әкімінің орынбасары Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жарық көріп отырған рухани қазыналарымыз, оларға енген киелі нысандар туралы айта келіп, барша Сыр бойылықтарды жемісті жұмыстарымен құттықтады.
Республика бойынша алғаш рет біздің аймақта жергілікті ғалымдардың жинақтауымен Сыр бойының киелі жер-су атаулары, көне қалалар мен тарихи орындар жайлы халық аңыздары және мифтік хикаялар, аңыз-әпсаналардан құрастырылған «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» кітабы әр алуан тақырыптағы фольклор мұрасын бір арнаға тоғыстыруымен құнды.
Сыр перзенті Тұрмағамбет Ізтілеулы – ХХ басындағы қазақ поэзиясында үлкен орны бар талантты шайырларымыздың бірі. «Алаштың асыл мұрасы» кітабына Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ел арасынан жинаған әдебиет үлгілері, көне араб әліпбиінде хатқа түсірген шығармалары және алаш қаламгерлерінің ХХ ғасыр басында Ташкентте жарық көрген ұлтымыздың рухани бағалы қазынасы саналатын шығармалары топтастырылған.


Тұрмағамбеттің аса білімді, терең ойшыл әрі қазақы қалжың сөзге ұста адам болғандығы ел арасында ертеден мойындалған мәселе. Алайда ақын шығармалары барынша жинақталып, жүйеленіп жарық көруі 2007 жылы Тұрекеңнің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асқаны мәлім.
«Қорқыттан кейінгі облысымыздың рухани паспорты, Сыр сүлейлерінің көшбасшысы Т. Ізтілеуұлы қолжазбалары негізінде баспадан шығып отырған жаңа кітаптың жарық көруі ортақ мерейіміз. Бұл жаңалық атақты фольклортанушы ақынның шығармашылығына, қазақы ұғыммен айтқанда, оның аруағына деген құрметтің белгісі.
Орайы келгенде атап өтер болсам, өз басым аталған жинақтардың жарық көруін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымызда атқарылған ең маңызды шаралардың қатарына қосар едім. Жалпы мұндай аймақ руханияты үшін ғана емес, ұлттық идеология бағытындағы маңызы зор мемлекеттік бағдарламаның жоғары деңгейде орындалуына баршамыз мүдделілік танытуымыз қажет», – деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Сейітқалиұлы.
Келесі Сыр бойының тарихына сүбелі үлес қосар кітаптің бірі, Қызылорда облысы бойынша дайындалған «Қасиетті Қазақстан» жинағы. Бұл жинаққа «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының 2019 жылғы мәжілісінде тұжырымдалған ұстанымға сәйкес арнайы тізімге алынатын қасиетті нысандар төмендегі 5 өлшем бойынша іріктеліп, енгізілген:
1. Халық арасында ерекше дәріптелетін табиғи мекендер.
2. Археологиялық ескерткіштер мен көне немес ортағасырлық қалалар.
3. Көпшілік зиарат ететін діни-рухани нысандар.
4. Көрнекті тарихи тұлғаларға қатысты ескерткіштер.
5. Маңызды саяси оқиғаларға байланысты орындар.
Сыр бойының құнды жәдігерлерін осылай халықаралық деңгейде насихаттау, қорғауға алу әрі қалпына келтіру үшін де ғылыми және тарихи-танымдық жинақтардың мәні зор екенін айта кеткіміз келеді.

Қызылорда облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі