“Мектепке жол” республикалық акциясы

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясындағы «Туған жер» арнайы жобасы ел игілігі үшін атқарылған қыруар жұмыстарға себеп болып келеді. Мәселен, «Туған жер» арнайы жобасының көлемінде жергілікті меценаттар өздерінің туып-өскен өлкелеріне мүмкіндіктерінше көмектесіп, түрлі нысандар салып берумен қатар, жол жөндеумен, балаларға көңіл бөлумен айналысып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетелік, 23-ші тамыз күні меценаттардың тікелей көмегімен қаламыздың белсенді жастарынан құралған «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының мүшелері «Мектепке жол» акциясын өткізді. Бұл жолы қаламыздың Сабалақ саяжайындағы тұрмысы төмен отбасы балалармен қатар, қаламыздың шеткі аудандарында тұратын көпбалалы отбасы балаларына жаңа оқу жылы қарсаңында көмек көрсетілді. Яғни, 1 сынып пен 6 сынып аралығындағы 20 оқушыға мектеп сөмкесі мен оқу құралдар жинағы берілді. Шара барысында сөз алған қоғамдық қордың төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы:
– Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал оны жасау қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу адамның азаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі – деп, осы шараға өз демеушіліктерін көрсетіп, жерлес іні-қарындастарына қуаныш сыйлаған жаны жомарт ағаларымызға рахметін айтты. Сонымен қатар, алдағы уақытта халықтың тұрмыстық әлеуетін көтеруді көздейтін «Туған жер» арнайы жобасы аясында жүзеге асатын мазмұнды шаралар жалғасын табатын болады деді. Шара соңында балаларға сергіту ойындары ұйымдастырылды. Мазмұны терең шарадан өз әсерлерімен бөліскен ата-аналар жанашыр жандарға алғыстарын білдірді.