Абайын ұлықтаған ел ұтылмайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының баспасөз беттерінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы – бүгінгі қазақ қоғамы аса қажетсініп отырған бірқатар маңызды да күрмеулі мәселелерді қозғауымен құнды деп білемін. Биыл қазақтың бас ақынының туғанына 175 жыл толатындығын ойға алсақ, мемлекет басшысының аталған мақаласы – Ұлы дала тойының беташары іспетті. Президент мақаласында Абай шығармашылығының бағалы жақтарына баса назар аударылып, ондағы қазақ халқына ғана емес, күллі әлем жұртшылығы үшін қымбат жалпыадамзаттық идеяларға арнайы тоқталып, тарихи-әлеуметтік тұрғыдан терең талдау жасалыпты.

Мақаланың «Ұлттық болмыстың үлгісі» тараушасында Абай поэзиясында сипатталған ұлт мінезіне, ақынның жақсы-жаман қылықтарды қалай сынап көрсеткенін сараптай отырып, ақын өлеңдеріндегі мысалдардың мәні бүгінгі қоғам үшін де актуальді екендігіне ден қояды. Расында да, Абай өз халқының бойында кездесіп қалатын кейбір келеңсіз кемшіліктерді аяусыз сынағаны белгілі. Алайда ойшыл ақын мұны «қазақ ел болсын, өркениет көшінен кейін қалмасын» дейтін жанашыр ниетпен жазғандығы тағы мәлім. Президент Абай қара сөздерінде кездесетін «толық адам», «кәміл мұсылман» секілді философиялық мәні терең терминдерді әлі де зерттей түсу керектігін айтқан. Бұл орайда ел басшысы гуманитарлық ғылымның алдына маңызды міндет қойып, отандық ғалымдарға үлкен үміт жүктеді деп түсінемін. Абай әлемі – рухани қымбат қазыналардың қоймасы. Ақын мұрасы сыры толық ашылмаған жұмбақ арал сияқты. Әйтпесе, қазақ данасы «Жүрегімнің түбіне терең бойла, // Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп бекер ескертпес еді.

Мақалада Абай поэзиясында аталған «бес жақсы мен бес жаман» қасиеттерге ерекше көңіл аударылыпты. Әлбетте, бүгінгі жастарымыздың ақын өлеңінде аталған жақсы қасиеттерге бойға сіңіріп, жаман мінездерден жиренуі – заман талабы. Абай жалғыз жастарға ғана емес, қазақтың үлкені мен кішісіне, ерлі-зайыпты мен туған-туысқа, бай мен кедейге де келелі кеңесін аямаған. Президент «бай» мен «кедей» дегенде қазіргі қоғамдағы бизнесмен азаматтар да, тұрмысын түзей алмай жүрген кедей жандар да Абайды оқыса, хакімнің өсиет сөздерін өмірлік үлгі етсе дейді. Яғни, бұл дегеніміз Абай мұрасын балабақшадан бастап, билік биігіндегілерге дейінгі барша халықтың жата-жастана оқуы – өнегелі дәстүрге, ұлттық парызға айналса деген игі тілек деп ұққан абзал.

Президентіміздің Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар туған Семей өңірін дамытуға көңіл бөлуі – көпшілік құптайтын игілікті істердің бірі. Абайдың рухы мәңгі тыным тапқан Жидебай аулындағы ақын музейін жаңғырту да дер кезінде қолға алынып отырған рухани қажеттілік. Осы айтылғандар сәтімен жүзеге асқан жағдайда Президентімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ!

Қасым-Жомарт Кемелұлының аталған мақаласында Абайды «әлемдік мәдениеттің тұлғасы» ретінде танытуға айрықша назар аударылған. Ұлы ақын мұрасын әлем халықтарының 10 тіліне аудару – Абай шығармашылығын насихаттауға тың серпін берері анық. Расында ақын Абайды тек қазақ халқының мақтанышы ғана емес, бүкіл адамзат баласына ортақ данышпан, ойшыл тұлға ретінде танитын уақыт жетті деп білеміз. Бұл ретте мемлекет басшысы қазақ әдебиеттанушыларынан ұлы ақын шығармашылығын тың ізденістер, тыңғылықты зерттеулер күтетінін де қадап айтты. Әрине, өзім де біраз жылдардан бері ақынның қолжазба мұрасын зерттеумен шұғылданушы ғалым ретінде абайтануға өз үлесімді қосамын деп үміттенемін. Қорыта айтқанда, Қазақстан Президентінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы бүгінгі абайтану бағытындағы көкейтесті пікірлерімен және ақын мерейтойының халықаралық деңгейде ойдағыдай өтуіне орай айтылған ойлы ұсыныстарымен қуантты.

Серікбай ҚОСАН, ф.ғ.к.,

Қызылорда облыстық

«Рухани жаңғыру» орталығының

бөлім басшысы