«Сыр елі – киелі мекен» фото-бейне конкурсы өтеді

Сіз туған жеріңізбен қаншалықты мақтанасыз? Сіз үшін ең керемет орын ол кіндік қаныңыз тамған ауылыңыз ба? Атамекенді түлетуге үлес қосып жүрсіз бе?
Олай болса, назарларыңызға «Туған жер» жобасы аясындағы «Сыр елі – киелі мекен» фото-бейне конкурсын ұсынамыз.

Байқаудың мақсаты – өңіріміздің тарихи және мәдени орындарын, көрікті жерлерін дәріптеу, жастардың бойында туған жерге деген мақтаныш сезімін ұялату. Сонымен қатар, туған жер төрінде орын алып жатқан оң өзгерістер мен маңызды шаралардан бейне, фотобаяндар жасап, кеңінен насихаттау (меценаттар мен демеуші азаматтар, ерікті жастардың қолдауымен жасалып жатқан қайырымдылық шаралары, патриоттық акциялар, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар).
Конкурстың міндеттері:
1. Өңіріміздің мәдени-тарихи мұраларын, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін кеңінен насихаттау;
2. Өңірде фотоға түсіру, бейнероликтер әзірлеуді дамыту арқылы жаңа есімдер мен таланттарды елге таныту.

Қатысу шарттары

1. Конкурсқа қатысуға Қызылорда қаласы мен барлық ауданнан кәсіпқой және әуесқой фотографтар, бейнеоператорлар қатыса алады.
2. Түсірілген фотосуреттер мен бейнероликтер конкурстың тақырыбына сай келуі міндетті.
3. Әрбір қатысушының түсірген тақырыптық фотосуреттерінің саны – 5 данадан, бейнероликтерінің саны 2 данадан кем болмауы қажет.
4. Конкурсқа жіберілген барлық жұмыстар қайтарылмайды. Қатысушылардың жұмыстары ұйымдастырушылар тарапынан конкурсты танымал ету мақсатында шығарма авторлығын міндетті түрде көрсете отырып, конкурс тақырыптарын жариялау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Өтінімдерді қабылдау

1. Фотоcуреттер мен бейнероликтер ruh.ortaliqkz@mail.ru электрондық мекенжайында қабылданады.
2. Фотолар JPG форматында ұсынылады, А4 (297 х 210) көлемде, 5 Mb кем болмауы тиіс.
3. Бейнероликтер 2 минуттан аспауы қажет (FullHD 1920х1080 форматында). Әуенімен оқылған мәтіннің дауысын қадағалап, мүмкіндігінше штатив қолданған абзал!
4. Барлық жүктелген фотолар мен бейнероликтер ұйымдастырушылар тарапынан міндетті талқылаудан өтеді.
5. Жоғарыда сипатталған қағидаларды бұза отырып жүктелген фотолар мен бейнероликтер қазылар алқасының қарауына ұсынылмайды.
6. Әр фото-бейнежұмысқа міндетті түрде мынадай деректер қоса берілуі тиіс:
– жұмыстың атауы,
– қатысушының толық аты-жөні, мекенжайы, электронды поштасы, байланыс телефондары;
– оқу/жұмыс орны.
​7. Қатысушы конкурсты ұйымдастырушыға ұйымдастырушының қалауы бойынша фотоальбом және бейнероликтерді бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернет желісінде жариялауға келісімін және құқығын береді.
Конкурстық жұмыстар 2019 жылдың 9 желтоқсанынан бастап – 24 желтоқсан аралығында қабылданады.

​5. Конкурс қорытындысы 2019 жылдың 25 желтоқсанда шығарылады.
​6. Жеңімпаздарды марапаттау арқылы қорытынды көрме 2019 жылғы 25 желтоқсанда Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығында өтеді.

ЕСКЕРТУ, “Аймақтың киелі жерлері” фотобайқауының да қорытындысы 25 желтоқсанда жарияланып, жеңімпаздар марапатталады.
Жоғарыда көрсетілген тақырыпқа сәйкес Сіздердің объективтеріңізге ілінген бейне бағалансын десеңіздер байқаудан қапы қалмаңыздар!