Мерейі тасыған меценат

Қармақшы таңы. Қазақ осы кезге дейін тар жол, тайғақ кезеңді кешті. Ауыртпалыққа қабырғасы қайыспады. Езілсе де еңсесін түсірмеді. Әр қазақтың жаны – ел деп соқса, кеудесінде – намысы тұрды. Үміті де, сенімі де мықты болды. Соның арқасында әупірімдеп азаттық дәуіріне аман жетті. Қазір не керек, бәрі бар. Барын ұқсатып, жоғын жамап, тіршілігін көріп жүргендер жетерлік. Біреуге алақан жаймай, өз кәсібін де дөңгелетуде.
Қазір бізге керегі – бәсекелестік. «Ол» болмайынша ештеңе де өнбейді. Ол не үшін керек деген сауал туды ма? Енді қараңыз, бәсекелік қабілет – ұлттың аймақтық не жаһандық нарықта бағасы, иә болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл тек материалдық өнім ғана емес, ол – білім, қызмет, зияткерлік өнім мен сапалы еңбек ресурстары. Ал болашақта елдің табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Бұл дегеніңіз әр қазақстандық ХХІ ғасырға лайықты қасиетке ие бо¬луы керек дегенге саяды. Әрине, қазір табысты компаниялар жетерлік. Өзге емес өзіміздің ІІІ Интернационалда өзінің емес, өзгенің де тұрмысын түзеп, халықтың алғысын алып жүрген серіктестік бар. Аймаққа емес, тұтас қазақ еліне аты кеңінен танылған «Абай-Дәулет» ЖШС мен «Достық Жер МК» ЖШС – талай жанның жүрегіне үміт отын жағып та үлгерді.
Өрістің кеңеюі алға ілгерілеуді қажет етеді. Диқаншылар да бос жатқан жоқ. Еңбектің наны тәтті екенін әлдеқашан түсінген ауыл тұрғындары көсегесін еселі еңбегімен көгертіп келеді. Оның дәлелі де жоқ емес. Серіктестік «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясының жеңімпазы атанды. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне және кәсіпкерлік саласының жаппай дамуына қосқан елеулі үлесі үшін шаруашылық директоры Мұрат Абайұлы аймақ басшысы Қ.Ысқақовтың арнайы алғыс хатымен марапатталды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен дәстүрлі «Алтын сапа», «Парыз» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары – 2019» республикалық көрме-байқауы жеңімпаздарын марапаттау шарасында отандық өнімді экспорттаушылар арасында үздік деп танылып, «Ұлы Дала елі» ортақ брендінің жеңімпазы атанды. Айта кеткен жөн болар, «Ұлы дала елі» сыйлығын 2016 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тағайындады. Ол үздік тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге өз тауарын халықаралық нарықта ұсынуға мүмкіндік беріп, оларды бәсекеге қабілетті етеді. Жеңімпазға «Ұлы дала елі» ортақ брендін жарнамалық мақсатта қолдану құқығы 5 жыл мерзіміне беріледі. Сондай-ақ, шаруашылық басшысы Мұрат Абайұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Құрмет” орденімен марапатталды. “Рухани жаңғыру” бағдарламасының “Туған жер” арнайы жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған “Жомарт жүрек” сыйлығының “Жыл меценаты” номинациясы бойынша лауреаты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаевтың арнайы дипломымен мадақталды. Тізе берсең, көп-ақ…
Мұрат Абайұлы – ІІІ Интернационал ауылын абаттандыруға, жарықтандыруға және экономикалық ахуалын көтеруге мұрындық болған жан. Ауыл орталығына балалар ойын алаңы мен жаттығу құрылғыларын орнатып, шаруашылықтың бұрынғы басшысы Милияр Арифовтің үйін жаңадан салып, отбасына “Нива” автокөлігін сыйға тартты. Кей тұрғынға жаңа үйдің де кілтін табыстады. Серіктестікке жаңа техникалар алынған. Ауылдағы қызмет көрсету бағытында жүзеге асырылатын жоба бойынша алғы жұмыстар басталып кетті. Қазір қоғамдық монша мен орталықтандырылған халыққа қызмет көрсететін ғимараттың құрылыс орны дайындалуда. Орталықтандырылған ғимарат ішінде тігін шеберханасы, шаштараз, аяқ киім жөндеу цехы, дүкен, тіс емханасы секілді қызмет түрі іске қосылады. Жоба иесінің айтуынша, бұл – халыққа қалтқысыз қызмет көрсететін орындардың бірі болмақ.
– Серіктестік 2016 жылы құрылған. Басты кәсібі – күріш өндіру. Шаруашылықта заманауи, жоғары автоматтандырылған күріш зауыты бар. Бесарық пен Байтабын шаруашылығы прогрессивті технологияны пайдалану және заманауи техника арқылы еңбек өнімділігін арттыруда. Атап айтарлығы жыл сайын нарыққа шығатын өнім көлемі арта түсіп, кәсіпорында қалдықсыз өндіріс жолға қойылды. Соның нәтижесінде күріш қалдығынан жем дайындалуда. Серіктестікте мал азығы қоса дайындалады. Сағатына 3 тонна өнім өндіретін шағын зауыт жұмыс істейді. Әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударылады. Ауылды абаттандыру, көшелерді асфальттау, әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу, демалыс орнын қалыпқа келтіру секілді шаруаға да бір кісідей атсалысудамыз, – дейді кәсіпорын директоры Мұрат Абайұлы.
Айтпақшы, серіктестік спорттық-мәдени шараларға демеушілік жасап, мектепке жаңадан спорттық құрал-жабдық алып көмектескен. ІІІ Интернационал ауылында «Абай-Дәулет» ЖШС мен «Достық Жер МК» ЖШС демеушілігімен ауыл ақсақалы мен ақ жаулықты аналарына арналып киіз үй тігілді. «Жастар аллеясы» бой түзеп, ауылдың ажарын айшықтай түсуде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлт жаппай еңбекқор болғанда ғана ел еңсесі биіктей түседі. Әлгінде айтылып жүрген масылдық пиғыл жоғалады. Қазекемнің «Масыл болма, асыл бол!» деген ақ батасы кез келген қоғам мүшесінің қаперінде болса нұр үстіне нұр болар еді.

Түйін

ІІІ Интернационал ауылы – құдды ертегі әлеміндей. Гүлденуінің сыры – бірлікте. Ауыл халқы да елдің өрістеуіне өз үлесін қосып, жемісін бірге көруде. Халқы үшін бәріне әзір тұратын жомарт жанның да жемісті еңбегі көп-ау, көп…

Айнұр ӘЛИ