Танымдық-тағылымдық конференция

2017 жылы ұлтымыздың біртурар тұлғалары негізін салған, 20-ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының бір ғасырлық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Осы орайда биылғы жылы да «Алаш» қозғалысының бір ғасырлық шығармашылық мұрасын, тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын, оның көшбасшыларының саяси-құқықтық, демократиялық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеп, зерттеу мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхананың «Коворкинг» білім орталығында «Алаш» қозғалысы «Алаш қозғалысы идеясы және тәуелсіз Қазақстан» атты танымдық-тағылымдық конференция өтті.

Конференция жұмысына жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық ардегерлер кеңесінің, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, қаламыздағы жоғары оқу орындарының тарихшы-әдебиетші оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, магистранттар, жас ізденушілер, қала мектептерінің мұғалімдері, студенттер және зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция жұмысы М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледж студенттерінің шеберлікпен орындауындағы Алаш зиялыларына деген құрмет сезімін білдірген «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын С.Тұрғынбекұылының жыр жолдарымен басталды.

Шараны Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов ашып беріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Конференция жұмысын «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Божанова жүргізді. Шара барысында баяндамашылар С.Әбішев, С.Тайманова, М.Аңсатова баяндамаларын оқып, бұдан бір ғасыр бұрын қазақтың зиялы азаматтарының Ресей шеңберінде тұңғыш ұлттық «Алаш қозғалысын» құрып, оның басқару жүйесін қалыптастырудағы мақсаттары және 1917 жылы белең алған саяси өзгерістер Алаш қозғалысына жаңа мүмкіндіктер мен жауапты міндеттер жүктегені және алаш зиялыларының қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жасаған ерен еңбектерін, ағартушылық жұмыстарын ашып көрсетті. Алаш қозғалысына қатысты әрбір дерек біз үшін маңызды болуы тиіс. Себебі, бұл ұлт-азаттық қозғалыс халқымызды ұйымдастыруңа, дербес мемлекет құруға, ең бастысы-ұлтымыздың рухын көтеруге арналған шара екенін,-атап көрсетті.

Конференцияда сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов Алаш қозғалысының ғибраты, қайраткерлеріміз жүріп өткен жол, олардың күресі, қаламгерлеріміздің жүрегі мен ақылынан туған көркем ойлары жайында кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ басқарма басшысы Алаш зиялыларының азаттық үшін алысқан күндерінің салмағы мен бағасын ұғынған сайын бүгінгі тәуелсіздігіміздің мәнін сезініп, баянды болашағымыз үшін әрекет істеуге дайын екендігімізді, бұл ең алдымен өскелең ұррпағымыз үшін аса қажетті, қасиетті қадам болатынын алға тартты. Конференция барысында А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана кең көлемді «Алаш мұрасы – мәңгілік» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, Алаш қайраткерлері жайлы бейнесюжет көрсетті. Кітап көрмесіне жалпы Алаш қозғалысы, Алаш арыстары мен ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған кітаптар мен мерзімді басылымдар және олардың еңбектері қойылып конференция қатысушыларына таныстырылды.

Конференцияға жиналған қауым «Алаш» қозғалысының ғасырлық ғұмырынан сыр шерткен ғибратты әңгімеге толы тарихи тағлымы мол кештен зор әсер алды.

Қызылорда облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі