Сырдарияда айтыскер-ақын Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай ақындар айтысы өтті

Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында айтыскер-ақын Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай «Заңғар ақын – Замаддин» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен аламан айтыста елімізге белгілі ақындар сөз барымтасының көрігін қыздырды.

Айтысты аудан әкімі Руслан Рүстемов ашып, ақындарға сәттілік тіледі.
«Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары төл өнеріміздің төрден көрінуіне жаңаша жол ашты. Әрине, талант – Тәңірден. Әрбір талант – дара дарын иесі. Сондықтан талантты тірісінде қадірлеп, құрмет көрсету – бәріміз үшін ортақ міндет. Оның үстіне қазақ халқында қандай да бір мереке айтыс өнерінсіз өтпегенін негізге алсақ, «Алтын дән» мерекесімен тұспа-тұс өткізіліп отырған бүгінгі айтыс – ауданымыздың ынтымақ-бірлігін, берекелі іске бейім екенін білдіреді. Айтыс аламанының ақтаңгері, табан астында өтірік өлең құраудың Тазша баладан кейінгі төл иесі Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған айтысқа қош келдіңіздер. Ақынын ардақтаған елдің мерейлі мерейтойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі айтыстың ерекшелігі, Замаддин Ибадуллаев ағамыз ортамызда, яғни талант біздің төрімізде отыр. Лайым, ақын ағаның өмір жасы ұзақ болып, мерейлі мерейтойларын аудан жұртшылығымен бірге атап өтуді жазсын! Бүгінгі айтысқа алыстан ат терлетіп арнайы келген халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді аудан басшысы.
Айтыстың ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова мерейтой иесіне облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың құттықтауын табыс етіп, айтысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен бірге, аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының төсбелгісін тағып, иығына шапан жауып, қаржылай сыйлық берді.
Сондай-ақ ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов Замаддин Ибадуллаевтың жақында ғана жарыққа шыққан «Бағдары ауған пенделер» атты кітабының тұсауын кесті. «Замаддин Ибадуллаев атындағы» дәстүрлі ақындар клубының сертификатын ақын Замаддин Ибадуллаев өз қолымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиевке салтанатты түрде табыстады. Марапаттау рәсімінде 300-ге жуық тұрғын тік тұрып қол соғып, ақынға шынайы құрмет көрсетті.
Мұнан ақын Мамыр Байдәулетов сөз сайсына баға беретін қазылар алқасының құрамымен таныстырды.
Айтысты қазалылық Марат Сүгірбай мен шиелілік Мейрамбек Ибрагимов бастады. Марат Сүгірбай талантын ардақтаған ауданның үлгілі ісін жырға қосса, Мейрамбек Ибрагимов заңғар ақынның атадан жеткен ұлы өнердің дамуына қосқан үлесін жыр тілінде көрерменге жеткізді.
Екінші жұп Бексұлтан Орынбасаров пен Нұрзат Қару қыз бен жігіттің әзілмен астасқан тамаша айтысын көпшілікке көрсете білді. Ал қармақшылық Тұрар Бекмырзаев пен сырдариялық Ерасыл Бәйментай аға мен іні арасындағы рухани байланысты өлең тілінде әспеттеп, айтысты тамашалауға келген қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Төртінші жұп сайысында дарынды ақын Нұрмат Мансұров «Ел десе берілмейді сезімге кім, Сәлеммен ағытайын сөз ілгегін» деп бастап бір күндік тойдың мың жылдық әсер қалдыратынына ақындық ақ пейілмен зор сенім білдірді. Ал, Нұрматтың қарсыласы айдынды Арал ауданының намысын ту еткен Ержеңіс Әбдиев айтыс сахнасының төрінен халықтың жүрегі жыр деп соқса, ақынның абыройы асқақтайтынын шырқады. Сондай-ақ, қос ақын «Ырыстың Сыр елінде тұрақтауы, Күріштің арқасында деген дұрыс», «Сексен жасы дүркіреп тойлануда, Енді тоқсан жасында жолығайық» деген секілді түйінді сөздерімен айтыстың шырайын аша түсті.
Соңғы жұп Мұхтар Ниязов пен Мұхамеджан Бағдатұлы ақынын төбесіне көтерген елдің ынтымағын, бірлігін жырға қосты. Сонымен бірге қоғамдағы өзекті мәселерді де қозғап, шабыттың шырқау биігінен түйінін тарқатты. Жас ақын Мұхамеджан Бағдатұлы алыппен айтысқанын тілге тиек етсе, дүлдүл ақын Мұхтар Ниязов інісіне ағалық бағыт-бағдар беріп, өмірде де, өнерде де сәттілік тіледі.
Марапаттау қорытындысында айтыстың бас жүлдесін иеленген Ерасыл Бәйментайды аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенов марапаттап, жас ақынға 500 000 мың теңгенің қаржылай сыйақысын табыс етті. 400 000 мың теңгелік сертификат жүлделі бірінші орынды иемденген сырдариялық Мұхамеджан Бағдатұлына табысталды. Екінші орын тұғырынан елімізге белгілі ақындар Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров көрініп, қос ақынға 300 000 мың теңгеден берілді. Ал, жүлде қоры 200 000 мың теңгені құрайтын үшінші орын аралдық Ержеңіс Әбдиевке берілсе, қаржылай сыйақысы 100 000 теңге болатын ынтыландыру сыйлықтарын Нұрзат Қару, Мейрамбек Ибрагимов, Тұрар Бекмырзаев және Марат Сүгірбай иеленді. Ал, көрермен қауымның көзайымына айналған жас ақын Бексұлтан Орынбасаров арнайы жүлдеге лайықты деп танылды.