Ауыл әйелдерінің форумы өтті

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов  ауылында өткен ауыл әйелдерінің облыстық форумы аясында «Ғасыр ана» номинациясының иегері, 104 жастағы Балшай Маханбетованы марапаттады. 

Ғасыр ғұмыр иесі Балшай Маханбетова 1916 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Қазір Н.Ілиясов ауылында тұратын әже 4 қыз тәрбиелеп өсірген. Сондай-ақ, 18 немере, 19 шөбере, 3 шөпшегі бар.  

Аймақ басшысы ғасыр жасаған анамен сұқбаттасып, батасын алды. Ары қарай облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ауыл әйеледерінің форумына қатысты.

Биылғы форумның басты мақсаты – ауыл әйелдерінің қол жеткізген жетістіктерін насихаттау. Әйелдердің «Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстар мен Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруға қосқан үлестерін көрсету. Сондай-ақ, шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасыл экономикаға өту Кеңесінің мүшесі,  «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова мен аталмыш бірлестіктің атқарушы директоры Асхат Сүлейменов қатысты.

Облыс тұрғындарының 47,8 пайызы әйелдер болса, оның 54,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Қазір әйелдер барлық салаларда жұмыс істейді. Статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы осы нәзікжандылар. Бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 пайызы әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 35,4 пайыз. Бұған дейін облыста түрлі деңгейдегі депутаттардың 9 пайызын әйелдер құраған болса, соңғы кезектен тыс өткізілген сайлауда депутат әйелдердің саны 21 пайызды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да ауылдық жерлердегі әйелдер белсенділік танытып келеді. Бүгінгі таңда өңірдегі кәсіпкер әйелдердің 48,3 пайызы ауылдық жерде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр, – деді облыс әкімі.

Форум аясында кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды.

Облыстық “Рухани жаңғыру” орталығы