Көп мақал айтқан «Күлтегін» жеңіске жетті

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы арасында мақал-мәтелдерді айтудан ерекше сайыс ұйымдастырылды. Шарада «Күлтегін» тобының зияткер оқушылары бір минутта 40-тан астам нақыл сөз айтып, жеңіске жетті.

Сайыс жаңа оқу жылында бастау алған «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында өткізіліп отыр. Жас ұрпақтың бойына ата-бабамыздан қалған өшпес мұра мақал-мәтелдерді насихаттау, оқушылардың тіл байлығын арттыруды көздеген сайыста төрт шаңырақ оқушыларына «Білім және достық» тақырыбында мақал айтып жарысу ұсынылды. Шарт бойынша, әр командадан шыққан екі оқушы бір минут ішінде неғұрлым көп мақал айтуы тиіс болатын. Нәтижесінде «Күлтегін» шаңырағының жас өрендері қарсыластарынан алға озып, жеңімпаз атанды.

Әр айда білім ошағының оқушылары мен ұстаздары белгілі тақырыпта мақал-мәтелдерді жаттайды. Өздері ізденіп, қазір қолданыста жоқ көне сөздердің мазмұнын талдай отырып, күнделікті тұрмыста қолдануға дағдыланады.

Қыркүйек айында мектеп қауымдастығы отан, ел, жер тақырыбында мақалдар танып білсе, қазан айында оқушылар мен ұстаздар оқу-білім, ғылым мен достық тақырыбындағы нақыл сөздермен тіл байлығын толықтырды.

Облыстық “Рухани жаңғыру” орталығы