«Алтын дән – 2019»: Ақмешітте аламан бәйге өтті

Ала жаздайғы еңбекті екшеп, жер ризығын терген сырбойылық диқандар молшылық мерекесі саналатын “Алтын дəн – 2019” шарасын өткізді. Мереке аясында күрішті ел ырысына айналдырған диқандар ел алдында құрметтелді. Ел қамбасын дәнге толтырған еңбеккерлер мерекесі қалалық ипподромда өткен бәйгеге жалғасты.

Әуелі тай жарыс, құнан бәйге ұйымдастырылды. Төрт шақырымдық тай жарысты Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Орынбасар Төкешовтің «Алтынтайы» алда келді. Аралдық Ақбота Тұрсыновтың «Тұмары» екінші, ал Шиелі тұрғыны Айдар Жағыппаровтың «Қаршығасы» үшінші орындарды алды. Он бір шақырымдық құнан бəйгеде Қызылорда қаласының тұрғыны Кентай Игембаевтың «Бақторысы» мәреге бірінші жетті. Бұл бәйгенің үшінші жүлдесін де осы азамат баптаған «Гаухартас» алды. Мәреден екінші болып шиелілік Айдар Жағыппаровтың «Көзайымы» өтті. Жиналған жұрт алдында ат иелері мен шабандоздарға ақшалай сыйлық табысталды.

 Тоқ бәйгеде 13 ат сөреден қатар шықты. Он бес шақырымдық жарыста Кентай Игембаевтың «Алауы» алдына қара салмады. Онымен құйрық тістесе жеткен қала тұрғыны Нағи Қорғанбектің «Рахметі» екінші орын алды. Үшінші орын тағы да сол Кентай Игембаев баптаған «Елік» атты сәйгүлікке бұйырды. Бәйгеге шапқан ат иелеріне бірінші орынға 2000 000, екінші орынға 1000 000, үшінші жүлдеге 500 000 табыс етілді.
 Осыдан кейін жұрт асыға күткен аламан бәйге де басталды. Жиырма бес шақырымға созылатын бәйгеде ә дегеннен-ақ қызылордалық Нағи Қорғанбектің «Фаусты» алға шықты. Сөреден 10 ат қатар шапқанымен 4-5 айналымнан кейін аламан жолында 6 тұлпар қалды. Осы жолы «Фаустың» шынымен де бағы мен бабы қатар шапқанына куә болдық. Әуеліде оқ бойы оза шапқан ол соңғы айналымда да арттағыларды шаңына ілестірмей жетті.

 Екінші орынды қала тұрғыны Жұмағали Киікбаевтың «Айғасары» алды. Үшінші болып шиелілік Пернебай Күзенбайдың «Қарашығы», төртінші Алмас Арыстанбековтің «Еркетайы» жетті.

Шабандоздарға бәйге жүлделерін (бірінші орын 3000 000, екінші орын 1200 000, үшінші орын 800 000, төртінші орын 400 000 теңге) облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов табыс етті.

Облыстық “Рухани жаңғыру” орталығы